• Пт. Июн 6th, 2025
Популярные метки

САУРАН АУДАНЫНДА 280 МЫҢ БАСҚА АРНАЛҒАН ҚҰС ФЕРМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Автор:admin

Июн 3, 2025
Spread the love

Сауран ауданында ауылшаруашылығы мен индустриялық-инновациялық даму қатар өркендеуде. 2025 жылдың басынан бері ауданның аграрлық секторында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 102 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Солардың бірі – Шаға ауылдық округінде орналасатын «Eco-Chicken» ЖШС-нің құс фермасы. 280 мың басқа арналған ет бағытындағы бұл өндіріс орны 2,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициямен жүзеге асырылып, толық қуатына енгенде тек облысты ғана емес, бүкіл Қазақстанды сапалы құс етімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл экспорттық әлеуетті де арттыратын ауқымды жоба.
Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС тарапынан 1,5 млрд теңгеге бағаланған, 700 гектар аумақта жаңбырлатып суару қондырғысын орнату жобасы іске қосылады. Бұл – ауданның ауыл шаруашылығын жаңғыртудағы маңызды қадам. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері іске қосылып, салаға серпін береді.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСЫМДЫҚТА:
Сауран ауданы 2030 жылға дейін үш негізгі бағыт бойынша даму жоспарын бекіткен. Бұл жоспарға сәйкес, жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 4 162 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. 2025 жылдың соңына дейін түрлі салада – медициналық жиһаз, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары мен тағам өнімдерін шығаратын 30 өндірістік нысан ашылып, 1 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Индустриялық-инновациялық бағыт ауданның тек экономикалық қуатын ғана емес, әлеуметтік жағдайын да жақсартады. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі және көші-қонның азаюына себеп болады.
АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ:
Инфрақұрылым, соның ішінде ауызсу жүйесі – Сауран ауданының негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, бірқатар ауылдарда су жүйесі ескірген немесе тәулігіне шектеулі уақытпен беріліп келген.
2023 жылы 14 елді мекенде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2024 жылы Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара ауылдарында су жүйелері жаңартылып, тұрғындар 24 сағат үздіксіз таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы маңызды жетістік.
Ауызсу мәселесімен қатар электр және газбен жабдықтау бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылы 56 дана трансформатор ауыстырылса, биыл қосымша 12 трансформатор орнатылуы жоспарланған. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 17 шақырым электр желісі жаңартылып, 4 жаңа трансформатор орнатылған.
Газдандыру деңгейі де біртіндеп артып келеді. Қазіргі таңда көрсеткіш 43,3 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 45,6 пайызға жетпек. Бұл да – өңір тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралардың нәтижесі.
ТУРИЗМ – БОЛАШАҒЫ БАР БАҒЫТ:
Сауран ауданының тарихи-мәдени мұрасы – Қазақстанның рухани-туристік әлеуетінің бір бөлшегі. Өткен жылы аймаққа 100 мыңға жуық турист келген. Ауданда 54 тарихи нысан бар, оның 3-еуі республикалық маңызға ие.
Туризмді дамыту мақсатында 5,3 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінде минералды су көздерін тиімді пайдалану үшін 20 гектар жерге емдік-сауықтыру кешені салу жоспарланған. Бұл – аудан экономикасына қосымша табыс әкелетін бағыттардың бірі.
Сауран ауданы – ауыл шаруашылығы, туризм және индустриялық даму салаларын қатар өрістетіп келе жатқан әлеуеті жоғары аймақ. Әсіресе, ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу және инновациялық жобаларды іске асыру арқылы аудан халқының өмір сапасы артып, өңір экономикасы жаңа деңгейге көтеріледі. Инфрақұрылымның дамуы мен инвестициялық ахуалдың жақсаруы Сауранды Түркістан облысының тірек аудандарының біріне айналдыруы әбден мүмкін.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика