• Чт. Авг 7th, 2025
Популярные метки

«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ» АТТЫ АУДАНДЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Автор:admin

Май 28, 2025
Spread the love

2025 жылдың 28 мамыр күні Индер ауданына қарасты Қарабау және Жаңабазар ауыл округтерінде тіл мәдениетін сақтау мен дамыту мақсатында аудандық деңгейде маңызды іс-шара ұйымдастырылды. «Сауатты жарнама – тіл тазалығының кепілі» атты аталмыш акцияны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты тілдерді дамыту орталығының мамандары өткізді. Акция барысында ауыл көшелерінің көрнекті жерлеріндегі жарнамалар, дүкен, дәмхана, шаштараз және өзге де нысандардың атаулары мен маңдайшаларындағы мәтіндердің мемлекеттік тілде сауатты жазылу деңгейі арнайы мамандар тарапынан тексеріліп, талдау жасалды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жарнама мен көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тіл нормаларының сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкес болуын қадағалау. Бұқара арасында мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттырып, жазбаша материалдарда орфографиялық, пунктуациялық қателерге жол бермеу қажеттігін түсіндіру – акцияның басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Акция барысында мамандар мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың сыртқы маңдайшаларын, хабарландыруларын, баға көрсеткіштері мен мәзірлерін мұқият қарап шықты. Нәтижесінде бірқатар жарнамалық жазбалар мен көрнекі ақпарат құралдарында тілдік нормалардың сақталмауы, тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы, сөздердің емле ережесіне сай келмеуі, ескі және тозған маңдайшалардың әлі де қолданылып жүргені анықталды. Мысалы, кейбір нысандарда мекеме атауы тек орыс тілінде немесе ағылшын тілінде беріліп, мемлекеттік тіл ескерусіз қалған. Сонымен қатар, грамматикалық қателер кездесіп, тіл мәдениетіне мән берілмегені байқалды.
Анықталған кемшіліктер бойынша кәсіп иелеріне ескертулер беріліп, заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік тілде дұрыс жазудың маңыздылығы, оның елдік, ұлттық мүддемен тығыз байланысты екені атап өтілді. Іскерлік ортада, сауда-саттықта, қызмет көрсету салаларында сапалы әрі сауатты жазу – тұтынушының сеніміне ие болудың бірден-бір жолы екені айтылды.
Құрметті аудан тұрғындары! Мемлекеттік тіл – ұлттың жаны, рухани байлығы мен болмысының айнасы. Сондықтан әрбір азамат өзінің ана тіліне жанашырлық танытып, көшелер мен нысандардағы жазулардың сауатты жазылуына үлес қосуы тиіс. Кафелер мен шайханалардағы мәзірлерден бастап, сауда орындарындағы касса аппараттарының тіліне дейін барлығы мемлекеттік тілде дұрыс әрі сауатты жазылуы – тіл мәдениетінің көрінісі. Бұл бағыттағы ортақ іске барлығымыз жауапкершілікпен қарап, тіл тазалығын сақтау жолында бірлесе әрекет етейік.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика