Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кезекті рет азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті тұрғындар көтерген әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді талқылады. Қоғаммен тікелей диалог орнатуға бағытталған бұл шара аудан әкімдігінің ашық әрі айқын басқару ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қабылдау барысында алдын ала жазылған 28 тұрғын аудан басшысына әртүрлі саладағы өзекті мәселелерін айтып, нақты жауап алуға мүмкіндік алды. Бұл кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті сала бөлімдерінің басшылары және жауапты мамандар қатысты. Әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, мүмкіндігінше бірден жауап беріліп, кейбір мәселелер бойынша терең зерттеу жүргізу үшін тиісті бөлімдерге тапсырмалар жүктелді.
КӨТЕРІЛГЕН НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР:
Азаматтар көтерген мәселелердің тақырыптық ауқымы кең болды. Қабылдау барысында төмендегі бағыттар бойынша өтініштер жиі айтылды:
— Арендалық тұрғын үй мәселесі – баспанасыз жүрген, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар уақытша жалға берілетін тұрғын үйлерге кезекке тұру және қажетті құжаттар жинау рәсімдерін жеңілдету бойынша көмек сұрады.
— Ауыз су тапшылығы мен су жүйесінің тозуы – ауылдық округтерде ауыз су қысымы әлсіз, кейбір елді мекендерде тіпті ауыз су мүлде жоқ екендігі айтылып, орталықтандырылған су жүйесіне қосылу қажеттілігі көтерілді.
— Жер телімін бөлу және мақсатты пайдалану – кейбір тұрғындар бұрын алған жер телімдерінің заңдастырылмағанын, кейбірі тіпті нақты иелік құжаттарын ала алмай жүргендерін жеткізді.
— Жеке меншік мәселелері мен әлеуметтік көмек – көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен жалғызбасты аналар тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамту бағытында көмек сұрады.
— Электр жарығы мен көше жарықтандыру – ауылдардың кейбір бөліктерінде жарық жиі сөніп, ескі бағаналар апатты жағдайда екені айтылды. Көшелерге түнгі жарық шамдарын орнату қажеттілігі көтерілді.
— Жол инфрақұрылымы және қоғамдық көлік – ауылішілік жолдардың шұрық-тесік, кейбір көшелерде асфальттың мүлде жоқ екендігі айтылып, жөндеу және қайта төсеу жұмыстары сұралды.
— Қоқыс полигондары мен тазалық мәселелері – ауыл маңындағы бейберекет қоқыс орындарын жою, жаңа санитарлық талаптарға сай полигон ашу жайы талқыланды.
— Балалар алаңшасы мен спорт нысандарының жетіспеушілігі – тұрғындар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу үшін аулаларға спорттық және ойын алаңшаларын орнату қажеттігін алға тартты.
— Биотермиялық шұңқыр (беккари) – мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары ауыл маңынан арнайы беккари шұңқырының салынуын сұрады.
МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛУІ – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА:
Аудан әкімі Арман Абдуллаев қабылдауға келген әрбір тұрғынның өтінішін жеке тыңдап, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бірқатар мәселені дереу шешу үшін тиісті сала мамандары сол сәтте жауап беріп, кейбірі бойынша егжей-тегжейлі зерделеу жүргізіліп, арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.
«Тұрғындардың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне бейжай қарамай, әрбір мәселеге терең үңілу – мен үшін басты міндет. Бұл тек бюрократиялық рәсім емес, халықпен тығыз байланыстың, сенім мен серіктестіктің айқын көрінісі. Әр өтініш – бізге артылған жауапкершілік. Сондықтан, бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, қабылдау барысында құқықтық кеңестер беріліп, заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Қабылдау нәтижесінде тұрғындар өз өтініштерінің елеусіз қалмайтынына көз жеткізді.
ҚАБЫЛДАУҒА ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Сарыағаш ауданы әкімінің жеке қабылдауына жазылу бірнеше арналар арқылы жүзеге асырылады:
— Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
— E-otinish бірыңғай базасы арқылы онлайн түрде өтініш жіберу;
— Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөліміне келіп, жазбаша өтініш тапсыру арқылы.
Қосымша ақпарат пен тіркелу бойынша:
Байланыс нөмірі: +7 (725 37) 7-97-13
БОЛАШАҚТА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСАДЫ:
Аудан әкімдігі тұрғындармен кері байланысты нығайту мақсатында осындай жеке қабылдауларды тұрақты негізде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Бұл – тұрғындардың билікке деген сенімін арттырып, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін тиімді алаң.
Халық пен билік арасындағы байланыс неғұрлым ашық әрі тиімді болса, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністік соғұрлым жоғары болатыны сөзсіз. Осы мақсатта Сарыағаш ауданы әкімдігі әрбір тұрғынның үнін естуге дайын.
