Сауран ауданы еліміздің өндірістік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі ретінде даму қарқынын арттырып келеді. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында қолға алынған нақты шаралар өз нәтижесін беруде. Аудан аумағында ашылған өндіріс орындары аймақтың экономикалық белсенділігін арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқаруда.
Жақында Сауран ауданына арнайы іссапармен келген Түркия Республикасының ресми делегациясы осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында бірқатар өндірістік нысандарға барды. Делегация құрамында түркиялық бизнес өкілдері, инвесторлар мен кәсіпкерлік саласының мамандары болды. Іссапар аясында қонақтар «EDEM MEBEL» және «ТАК мебель» атты екі ірі жиһаз өндіруші кәсіпорынның жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл кәсіпорындар Сауран ауданындағы өнеркәсіптік өндірістің маңызды бөлігін құрайды және аймақтық нарықтағы сұранысқа ие өнімдерді шығаруда.
Алдымен делегация мүшелері «EDEM MEBEL» фабрикасының өндірістік үдерісімен танысты. Кәсіпорынның директоры Икбол Абишев меймандарды жылы қарсы алып, зауыттың қызметі, негізгі бағыттары мен жетістіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, фабрика жылына 10 мың данаға дейін әртүрлі үлгідегі корпустық жиһаз шығарады. Өнімдердің сапасы жоғары деңгейде және тұтынушылардың талаптарына толықтай сай келеді. Компания заманауи технологияларды пайдалана отырып, жиһазды дәлдікпен құрастырып, нарықтағы сұранысқа сәйкес үнемі жаңартылған үлгілерді ұсынып келеді. Бүгінгі таңда фабриканың өнімдеріне Түркістан, Шымкент және Қызылорда облыстарында үлкен сұраныс бар. Бұл кәсіпорын – аймақтағы жиһаз өндірісінің серпінді дамып келе жатқан орталықтарының бірі.
Келесі кезекте делегация «ТАК мебель» өндірістік цехының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын да жылына 12 000 дана жиһаз өнімін шығаратын қуатқа ие. Цехта дайындалатын өнімдердің сапасы шетелдік баламалардан кем түспейді. Мұнда жұмыс процесі толықтай жүйеленген, қызметкерлердің кәсіби дайындығы жоғары. Компания қазіргі заманғы үлгілерге сай, эстетикалық жағынан тартымды, сапасы мен беріктігі жағынан мінсіз жиһаз түрлерін ұсынуда. Бұл кәсіпорын аймақтық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа облыстарға да өнім жеткізуді жолға қойған.
Түркиялық делегация өкілдері отандық өндірістің деңгейіне жоғары баға беріп, кәсіпорындардың технологиялық жабдықталуы мен өнім сапасына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, олар екіжақты серіктестік мүмкіндіктері мен инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыру жолдарын талқылады. Кездесу барысында тараптар бірлескен өндірістер ашу, жаңа технологияларды енгізу және дайын өнімдерді экспортқа шығару мәселелерін талқылап, өзара ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Сапар қорытындысында түркиялық меймандар Сауран ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл салада мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді іске асырылуы жергілікті кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Жиһаз өндірісі – осының жарқын мысалы. Мұнда жаңа жұмыс орындары құрылып, жастар кәсіпке тартылуда. Сонымен қатар, халықтың табысы артып, аудан экономикасы да тұрақты өсім көрсетуде.
Жалпы, Сауран ауданында өндірістік инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Кәсіпорындар арасындағы бәсекелестік сапаның артуына және жаңа технологиялардың енгізілуіне ықпал етуде. Мұндай сапалы өндірістің өркендеуі – болашақта халықаралық деңгейдегі серіктестіктердің құрылуына, экспорт көлемінің ұлғаюына және отандық өнімдердің әлемдік нарықта танылуына жол ашатыны анық.
САПАЛЫ ӨНДІРІС – СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН
