Аудан аумағындағы Орталық саябақта 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш жиын әскери киімдегі мектеп оқушыларының Орталық саябақтағы кіре беріс қақпадан бастап ескерткіштер алаңына дейін қонақтарды күтіп алуымен басталды.
Келесі кезекте сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырлар мен бабалар рухына құран бағышталды. Жастарды отаншылдыққа, азаматшылдыққа, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақтауға, өз Отанын сүюге және үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтін іс-шара аясында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
— Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Біз қашанда ерлік пен батырлықтың көзсіз үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының жалынды жолдарынан өткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас иеміз. Осынау сұрапыл соғыста біздің Сайрам ауданынан 20 195 адам соғысқа аттанып, соның 8 115-і еліміздің бостандығы жолында қаза тапты. Біз ұдайы «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды», – деген ұранды ұстанған халықпыз. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықты, батырлық пен батылдықты үйренеді. Ардагерлеріміздің мәңгі өшпес ерлігі жүрегіміздің төрінен орын алады. Болашақта да солай бола бермек. Сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, бақытқа кенеле беріңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — деді Арман Сәбитов жүрекжарды лебізін жеткізіп. Сондай-ақ, аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздіктен соң, мылтық ату митингісі өтті.
Салтанатты жиын соңы соғыстың қиын кездері көрініс табатын жауынгерлердің батырлығы мен өжеттіктерін ерекшелейтін концерттік бағдарламаға ұласты.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі