«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, өңірлік Қоғамдық кеңес төрағасы, қалалық сайлауалды штаб мүшесі Бауыржан Әлтеев, ҚР Парламент мәжілісі депутаттығына кандидат Әлия Юсупова, Абай аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев «Есіктен-есікке» акциясы аясында Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Штаб мүшелері Гагарин көшесіндегі үйлерді аралап, тұрғындардың мәселесін тыңдады және партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Бауыржан Ілімшеұлы үгіт-насихат жұмысы барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын сайлауалды тұғырнамасы жайлы да айтып, еңбекші халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары туралы толық ақпарат берді.
«Біздің міндетіміз – әрбір қазақстандыққа алдағы сайлаудың маңыздылығын жеткізу. Қазақстандық еңбеккерлердің көп бөлігі негізгі қажеттіліктерін өтеуге әрең жететін жалақы алып келеді. Бүгінде Еңбек адамы несие алу мен бөліп төлеумен өмір сүріп жатқандары да бар. Оларды төлеу үшін қосымша жұмыс, лауазымдарды қоса атқару, басқа жерде де жұмыс істеу сияқты қадамдарға барады. Өркениетті және әлеуметтік мемлекетте еңбеккер кедей бола алмайды және болмауы тиіс. Осы орайда, біздің ортақ мақсатымыз — Әділетті Қазақстанды құру. Әділетті Қазақстан дегеніміз – лайықты еңбек, лайықты еңбекақы, лайықты жұмыспен қамту»- деді Бауыржан Әлтеев.
Одан өзге, Федерацияның тұғырнамасына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, яғни ол кемінде екі есе өсіруге қол жеткізетіндігін, жұмыс берушіні қызметкерге сегіз сағаттық жұмыс күні үшін, артық жұмысты, үстеме жұмысты және лауазымдарды біріктіруді қоспағанда, адал жалақы төлеуге міндеттейтінін айтты. Кездесу соңында штаб мүшелері тұрғындарды алдағы сайлауда белсенділік танытып, азаматтық борышын өтеуге шақырды.