4-маусым “Мемлекеттік рәміздер күні” мерекесіне орай Арыс аудандық полиция бөлімінің саптық алаңында қыран бейнеленген көк Туымыз көтеріліп, мемлекеттік гимн орындалды.
Біздің Мемлекетіміздің рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында ресми түрде қабылданып, биыл 32 жыл толып отыр.
Қазақстанның әрбір азаматы туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Онда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрі айқын көрініс береді.
Ұрпағына “Туың жығылмасын” деп бата берген қазақ үшін көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі. Алмағайып күн туғанда, ұлы бабалар дабыл қағып, Ту көтерген. Елім деген ерлер, Ту түбіне жиналып, жауға тойтарыс берген. Қуанышта да Көк байрақты көтеріп, мерекенің мерейін үстем еткен.
Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты да- Отанға деген патриотизм мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұту, жаңа Қазақстанның жасампаз идеяларын кеңінен дәріптеу және дамыту, жастардың бойында Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының рәміздері қазақ елінің кешегі күнгі тарихы мен ертенгі күнге сенімі бейнелейтін символикасы болып табылады.Осы орайда, баршаңызға зор денсаулық,отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс және мол бақыт тілеймін! Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз берік болсын. Көк Туымыз көгімізде желбіреп, Елтаңбамыз тек қана биіктерден көрініп, Әнұранымыз мәңгілік қазақ халқының рухын көтеріп шырқала берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Іс-шара соңы саптық байқаумен аяқталды.