Облыстық Жедел басқару орталығының инспекторлары тәулік бойы бейнебақылау камералары арқылы өңірге бақылау жүргізіп, қылмыстың алдын алуда жүйелі жұмыс жасап келеді.
Мәселен тәртіп сақшылары Түркістан қаласының орталық көшелерінің бірінен заңмен тыйым салынған затты қолдану дерегінің жолын кесті. Яғни полиция камера арқылы түнгі уақытта көлік ішіндегі ер адам, темекі ретінде белгісіз шөпті әзірлеп жатқандығын байқап қалады.
Осы бойынша әрі қарай бақылауды күшейтіп, көлікті тексеру үшін жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне бағыттама береді. Оқиға орнында тексеру жүргізген полицейлер, жүргізушінің «марихуана» есірткісін заңсыз сақтағанын анықтады.
Қызылордалық ер адамға қатысты «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Психотроптық заттар дегеніміз – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармакологиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет.
Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәрімізге белгілі.
Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне — жастар жатады.
Өйткені олар еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.
Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.