Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, он үш жылдан кейін қарақшылық шабуыл жасады және кісі өлтірді деген күдіктіні ұстады. Жедел уәкілдер бұрын сотталған 46 жастағы ер адамды Шымкент қаласында қолға түсірді. Күдікті қамауға алынды.
Анықталғандай, күдікті 2011 жылы мотоциклмен Жетісай қаласының тұрғынына яғни валюта айырбастаумен айналысқан ер азаматқа қарақшылық шабуыл жасап, оны өлтіріп, содан кейін қалтасындағы 5 мың АҚШ долларын алып, қашып кеткен.
Сол кезде осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру іс-шаралары жүргізілді және полиция базар маңынан күдіктінің мотоциклін тауып, заттай дәлелдемелерді тәркілеген.
Полиция 13 жыл бойы жедел-іздестіру іс-шараларын тоқтатпай жүргізіп, күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті бұл әрекетін толық мойындады. Қылмыстық істің жинақталған материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кететін, 3 сәуірде депутаттар азаматтарды құмар ойындарға тартқаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. 16 сәуірде «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жарияланды, оған сәйкес кәмелетке толмағанды қорлағандарға (буллинг, кибербуллинг) жауапкершілік енгізіледі.