Күн жылынып, шомылу маусымы басталысымен өзендер мен су қоймаларында шомылғысы келетіндердің саны артады. Осы кездері қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертулерге қарамастан, судағы жазатайым оқиғалар, соның ішінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау және тыйым салынған жерлерде шомылу жайттары жиі кездеседі.
Осыған байланысты Арыс аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Арыс өзенінің жағасында, сондай-ақ шомылу үшін белгіленбеген жерлерде рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Сонымен қатар халық арасында суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін ақпараттандыру және түсіндіру, балаларды қарау және шомылу ережелерін қатаң сақтау бойынша жаднамалар таратылды. Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шаралар жаз маусымында суға бату мен адам өлімінің алдын алу мақсатында өткізіле бермек.
Қазір демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы барлық өзен-көл, тоған-тоспалардың жанында арнайы жасақ үздіксіз жұмыс істеуде. Құтқарушылар уақытпен санаспайды. 24 сағат бойы кезекпен жұмыс істейді. Мамандар моторлы қайық, құтқару кеудешелерімен және арнайы баллондармен қамтамасыз етілген. Олар өздеріне жүктелген міндетті орындауда жауапкершілік танытуда. Рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алдымен ескерту жасалады. Егер мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмеген, ескертуді елең қылмағандар анықталса, ондайларға айыппұл салынады.