Шымкент қаласында 20 жылдан астам уақыт астық өндеумен айналысып келген кәсіпорындардың бірі «ПИОНЕР» ұн өндіру комбинатының қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғауға байланысты семинар-тренинг өтті.
«ПИОНЕР» компаниялар тобы-Қазақстандағы ірі көпсалалы бизнес құрылым.
Шымкент қаласындағы филиалы «Pioneer Grain Products» ЖШС-де бүгінде 215 адам жұмыс жасайды. Диірмен зауытында жоғарғы, бірінші, екінші сортты ұндар өндіріледі. Комбинаттың жалпы өндірістік қуаты-күніне 500 тонна астық.
Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қатысты. Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, өндіріс орнында тәуекелдерді азайту және қауіптерді жою үшін қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз ету маңыздылығы жөнінде сөз өрбіді. Кездесуде Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын «Кәсіподақтар – әділеттілік үшін!» сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Одан өзге, Қазақстан Республикасы Заңнамалығына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені айтылды.