Облыс орталығының Әмір Темір көшесінде күнделікті өзіне жүктелген қызметте тұрған полицейлердің жанына «Лада-Приора» автокөлігі тоқтап, ішінен егде жастағы жүргізуші немересі аяқасты ауырып, дем жетпей жатқанын айтып көмектесуін сұрайды.
Мұны естіген полицейлер бірден көлікке келеді. Көлік ішінде ауа жетпей көгеріп жатқан шақалақ пен анасы отыр. Содан тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етті.
«Бірінші кезекте кішкентай баланың аман қалуын ойладық. Осы сәтте көмекке келген әріптесім Сламхан Серікбай екеуміздің жанымызға тағы бір тұрғын өзінің дәрігер екенін айтып,қолғабыс етті. Барлығымыз қолымыздан келгенін жасап, балаға алғашқы көмек бердік. Одан әрі баланы анасымен ауруханаға жылдам жеткіздік»-деп атап өтті полицей Бауыржан Ілес.
Көз алдында немересінің қимылсыз түрін көріп, қатты қорқып қалған атасы: «Полицейлер менің баламды өлімнен құтқарып қалды. Үлкен алғысымды айтамын. Осындай азаматтарымыз көп болсын!»-деп ақ батасын берді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі