Отырарлық полиция қызметкерлері тиісті мекемелермен бірлесіп, Ескі Шілік ауылдық округінің С.Құртайов мектебінде «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында қыздар арасында кездесу жиынын өткізді. Шараға «Жастар ресурстық орталығы»КММ-ның психологы Л.Сейталиева, орталық аурухана психологы А.Жасекова, Отырар АПБ-нің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы З.Надирова және мектеп ұжымы қатысты.
Аталмыш жиында зорлық-зомбылық пен деструктивті мінез-құлықтың алдын-алу, әйелдер мен балаларды қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң бойынша жасөспірімдерге маңызды ақпараттар берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойған болатын.
Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты…