Отбасы қоғамда жалпы ғылымда қандай рөлге ие деген сауалға бүгін біз осы мақаладан жауап іздеп көретін боламыз. Отбасы мен неке мәселесі ежелден зерттеліп келеді. Антикалық дәуірден-ақ Платон және Аристотель сынды ойшылдар ерлі-зайыптылар мен отбасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, өз дәуіріндегі отбасыларды сынға алып, оны құрудың жобаларын ұсынған болатын.
Ғылымда қоғамның даму тарихындағы отбасылық қатысынастар сипаты туралы ауқымды әрі сенімді ақпараттар жетіп артылады. Отбасының өзгеруі промискуитеттен (әдепсіз жыныстық байланыстар), топтық зайыптылықтан, матриархат пен патриархаттан моногамияға дейін эволюциядан өтті. Отбасы – қоғамның даму сатылары бойынша жоғарылағаны тәрізді төменнен жоғарыға дейінгі сатылардан өтті.
Этнографиялық зерттеулерге сүйене отырып, адамзат тарихында үш дәуірді бөлуге болады: жабайылық, мәдениетсіздік және өркендеушілік. Олардың әрқайсысының ер мен әйел арасындағы қатынастар түрлеріне, өз отбасынаүстемдік ететін өзіндік қоғамдық институттары болды.
Қоғамның даму тарихында отбасылық қатынастар динамикасын зерттеуге үлкен үлесін қосқан швейцария тарихшысы И. Я. Ба-хофен, оның жазған кітабы «Ана құқығы» (1861) және шотланд заңгері Дж.Ф.Мак-Леннан, ол «Алғашқы қауымдық неке» зерттеуінің авторы (1865).
Қоғам тарихында некелік-отбасылық қатынастардың дамуы рулардың өмірге төзімді ұрпақты қажетсіну және шаруашылық-өндірістік қатынастарға сай өндіруші іс-әрекетті дамыту себептеріне айналды. Адамзат тарихында некелік-отбасылық қатынастардың дамуының келесі кезеңдерін бөлуге болады [Зацепин, 1991]:
- промискуитет(аралас, ортақ) – жыныстар арасындағы әдепсіз, әлеуметтік бақыланбайтын байланыс, ол адамзат қоғамының дамуының ежелгі кезеңдеріне тән;
- эндогамия – әлеуметтік тыйымдармен шектелмейді, некеге дейін қауым ішіндегі жыныстар арасындағы (некесіз) бірге тұрушылық;
- экзогамия– қандас туыстар арасында сексуалды байланыстарға тыйым салынатын жыныстар арасындағы әлеуметтік қадағаланатын қатынастар түрі. Экзогамияның бекітілуі адамзаттың өмірдің инстинктивті-биологиялық түрінен әлеуметтік-мәдени-тарихи түріне өтуінің жалпы заңдылықтарымен, сонымен қатар адам мінез-құлқын басқарудың инстинктивті-биологиялық механизмдерін ығыстырумен және оларды әлеуметтік реттеушілермен ауыстырумен шарттасқан(Л.С. Выготский, П.Я. Гальперин).
R-ақпарат