• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің жалғасы қандай болмақ?

Автор:admin

Сен 24, 2022
Spread the love

Тарихи даму үрдісінде ұрпақтар жалғастығының ұлы істерін үлгі-өнеге тұ­тып, сол арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтармен сусындату бүгінгі күні маңызды мәселе болып табылады. Оны біз Сара Алпысқызының: «Жастарымызды ата-бабамыздан келе жатқан – мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде, ойы, сөзі және іс-әрекеттері бірлікте өмір сүретін мүлтіксіз мінезді адам тәрбиелеу» – деген сөзінен көруге болады.

ҚР-ның «Білім туралы» Заңында: «Ата-аналар – алғашқы педагогтар» деп жазылған. Қазіргі ата-аналардың бәрі дерлік жоғары білімді, сауатты адамдар. Дегенмен, олардың балаға берген тәлім-тәрбиесін осыдан 30-40 жыл бұрынғы ата-аналарымыздың тәрбиесімен салыстыруға болмайды. Сол кездегі ата-аналар қазір ата-әжелер. Негізінен ұрпақ тәрбиесінде ата-әженің де рөлі ерекше. Балаға бесік жыры, батырлық эпостарды, ертегі, аңыз әңгімелерді айту, тақпақ жаттату ата-әженің еншісінде болған. Бала кезінен құлағына құйылған, көңіліне тоқылған рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбиенің үлгі-өнегесі жастарға жақсы мен жаманның ара қатынасын ашып, ел сыйлайтын азамат болып өсуіне жағдай жасаған. Бабамыз қазақ Л.С.Выготскийдің бала тәрбиесіндегі «психикалық дамудың таяудағы аймағы (шеңбері)», «баланың әр жас кезінде көрініс беріп отыратын қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әлеуметтік жағдай жасау» теорияларын білмесе де үлкен ұлағаттықпен осы қағиданы басшылыққа ала отырып, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде қатаң ұстанған. Осыған байланысты «әлеуметтік инфантилизм», «тірі жетім», «тастанды бала», «қаңғыбас бала», «нашақорлық», «өзге діндерді жағалау» т.б. әлеуметтік келеңсіз жағдайлар қазақ даласында кездеспеген. Бір ауылда ата-анасынан шетінеп, жетім қалған бала болса, оны бүкіл ауыл аймақ болып тәрбиелеп, жетімдік көрсетпей ел қатарына қосуға тырысқан. Бұдан ата-бабаларымыздың рухани-адамгершілік, имандылық пен қайырымдылық сияқты құндылықтарды берік ұстап, қара басының ғана емес бүкіл елдің, ұлттың қамын ойлап, өсіп келе жатқан жастарды дұрыс жолға салып, қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп отырғандығын көреміз. Сондықтан да отбасы ұрпақ тәрбиесінің белді буыны, жауапты әлеуметтік институты. Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән, ана сүтімен қанға сіңген ізгі әдет-ғұрыптардан жастардың тыс қалып бара жатқанын байқаймыз. Көптеген жастарымыз әртүрлі діни ағымдарға ілесіп, солардың туын көтеріп, жырын жырлап мұсылмандықтан кетіп жатса, енді біреулері өз ұлтының өткені мен болашағына немқұрайлы қарап күнделікті тіршіліктің қамын қуып, рухани адамгершілік құндылықтардан алыстап барады. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, әдеп сақтаудан хабарсыз кейбір жастардың болашақта өз отбасында қандай ұрпақ тәрбиелейді деген ой ұлтжанды азаматтарымызды мазаламай қоймайды.

 

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика