• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Отбасылық сот жанұяны сақтауды көздейді

Автор:admin

Авг 2, 2023
Spread the love

Жоғарғы Соттың бастамасымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының жүзеге асып келе жатқанына да бес жылдан асты. Дәл осы жобаның қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын көріп, біліп отырмыз. Себебі отбасылық құндылықтың әлсіреуі, үлкен мен кішінің, әке мен баланың, аға мен қарындастың арасындағы сыйластықтың үзілуі кімді болсын бейжай қалдырмайтыны даусыз.
Отан отбасынан басталады. Бала кезден санамызға орнығып, шаңырақтың маңызын сезіндірген тәмсіл осы. Тәрбиеге терең мән берген халқымызға ажырасу, тастанды бала, жалғызбасты ана деген түсінік жат еді. Жанұялық жылылықты сақтауды мұрат еткен аналарымыздың ұлын аяқтандырып, қызын құтты орнына қондыруға асыққан әрекетінің артында «Бас екеу болмай, мал екеу болмас», «Екі жарты – бір бүтін», «Адам ұрпағымен көрікті» деген даналық сөздердің тұрғаны анық. Өкінішке орай, отбасылық құндылықты бірінші орынға қойып келген елде қазір ажырасу көп. Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші некенің соңы ажырасумен
аяқталып жатыр. Бұл үлкен қасірет.
Себебі ажырасу тек некені бұзумен, ерлі-зайыптыларды екі жаққа бөлумен шектелмейді. Оның бір ғана сот процесімен шешілуі мүмкін емес. Некені бұзудың арты алимент өндіру, баланың кіммен қалатынын анықтау, ортақ мүлікті бөлу секілді көптеген сот процестеріне ұласады. Ал өз мәселелерін шеше алмай, өз бастарымен қайғы болып жүрген ерлі-зайыптылардың бұл кезде балаға қарауға, тәрбиеге көңіл бөлуге уақыты да қалмайды. Қиыс жолға түсіп, құқық бұзған кәмелетке толмағандардың 90 пайыздан астамы толық емес отбасында тәрбиеленген ұрпақ екен. Қайтсем де ажырасам дейтін үлкендерді ең болмаса осы дерек тежеуі, өз ойынан бас тартқызуы керек сияқты.
Отбасылық соттардың да негізгі мақсаты – некені сақтап қалу. Ажырасам деп тас-түйін бекініп келген азаматтарды ақылға шақырып, отбасының бұзылмауына ықпал ету. Сот тарапынан бұл бағытта жасалып жатқан шара аз емес. Ең бастысы отбасы бақытын еселеуге, некені сақтауға қатысты мемлекет тарапынан
атқарылып жатқан істер де қомақты. Мәселен 2013 жылы сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес елімізде жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде – Отбасы күні атап өтіліп келеді. 7 жылдан бері әдемі дәстүрге айналған бұл күн де халыққа отбасының қадірін ұқтырып, маңызын арттыруға көмектесері анық.
Сонымен бірге «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының шеңберінде жергілікті АХАТ бөлімінің мамандарымен де біріккен шаралар қолға алынуда. Бүгінде некеге тұрғысы келген жастарға АХАТ мамандары арнайы сабақ өтіп, отбасы құрудың жауаптылығын, ұрпақ тәрбиелеудің маңызын түсіндіретін дәрістер ұйымдастыруда. Француздың әйгілі жазушысы Оноре де Бальзак айтқандай «Жұбайлар бір-бірінің мінезін зерттеп білмей некенің бақытты болуы екіталай». Осы тұрғыдан алғанда арнайы дәріс оқып, 25, 50 жыл жұбайымен жарасымды ғұмыр
кешкен ата-апалардың отбасылық баққа қатысты тағылымды әңгімелерін тыңдау жаңа өмір бастағалы тұрған жандарға тәрбие болары талассыз.
Қазіргі таңда ювеналды сот институты 60-тан астам елде жұмыс істейді. Тізімнің ішінде Жапония, Ұлыбритания, Германия секілді әлемнің ірі державалары да бар. Бұл мемлекеттерде Отбасылық соттың жеке дара қызметтерінің оң тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, ұлттық мәдениеті мен салтына өте сергек қарайтын Жапонияда отбасы даулары мен кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылықтары тек отбасылық соттарда қаралып, шешіледі. Ал Ұлыбританияның отба­сылық соттарында неке, отбасы, ана мен балаға қатысты заңнамалық актілер сарапқа салынады.
Ал елімізде Отбасылық сот қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізілді. Сингапур елінің үлгісіне арқа сүйеген тың жобаны Жоғарғы сот жүргізіп, оған жергілікті соттар, мемлекеттік органдар, әкімшіліктер және қоғамдық инс­титуттар жұмылдырылды. Ювеналды соттар әр саланың мамандарымен тығыз жұ­мыс істейді. Атап айтқанда, психолог, нарколог, медиатор, адвокаттармен бі­рі­гіп, дауды соттан тыс шешу, отбасы құндылықтарын арттыру, отбасылық зор­­лық-зомбылыққа төзбеушілік және балаға қолайлы әділеттілікті қалыптастыру, психологиялық, наркологиялық көмек көрсетудің алгоритмін анықтау бойынша күрделі істерді ортақ қарайды.
Рас, кәмелетке толмағандардың құқық­тарын сақтауды қамтамасыз ету оларды құқықтық қорғаумен тікелей байланысты. Ал құқықтық қорғау дегеніміз кәмелетке толмаған жеткіншектің тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтиды. «Яғни баланың тәрбиесі, білімі, оның денсаулығын сақтау, еңбекке араластыру, демалысы, әлеуметтік қамсыздандыру – осының барлығы назардан тыс қалмайды. Әлемдік тәжірибеде кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігін қорғай отырып, олардың қоғамға етене араласуы кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесі, басқаша айтқанда, ювеналды әділет арқылы жүзеге асырылады.
Сот төрағасының айтуынша, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құру кезінде ағылшын-саксондық және континенталдық модельдерге басымдық беріледі. Алайда заң құзыреті тұрғысынан әр елде түрлі көзқарас қалыптасып, кейін­нен осы қос модель шеңберінде өзіндік негіз айқындалған. «Бірақ қалай қарасақ та, халықаралық тәжірибе ювеналды әділет әлеуметтік оңалту және сот төре­лі­гін қалпына келтіру қағидаттарына негіз­делген кәмелетке толмағандарға арнал­ған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесін білдіретінін көрсетеді. Мәселен, кейінгі жылдары елімізде де балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының алдын алу қызметіне көзқарас түбегейлі өзгерді. Өскелең ұрпақты дамыту, қолдау мақсатында барлық жағдай жасалған, балалардың құқықтарын қорғау, олар­дың қараусыз қалуы және құқық бұзушы­лықтардың алдын алу жүйесі жұмыс істейді», деп атап өтті спикер.
Бүгінгі күні мемлекеттің кәмелет жасына толмағандарға қатысты ұстанған сая­саты оң нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша жасөспірімдер жасаған қылмыс азайып, сәйкесінше қоғамнан оқшаулау мекеме­леріне жіберілген жеткіншектердің саны да бірнеше есе кеміген.
«Мектеп баланың ғана тәрбиесімен шектелмей, қажет болған жағдайда ата-аналарды да бағыттай отырып, тәрбиелеу ісіне етене араласуға тиіс. Нәтижелі жұмыс үшін 50 оқушыға 1 психолог бекіткен жөн. Маманды осы тәсілмен бөлген жағдайда ол оқушымен де, оның ата-анасымен де жан-жақты жұмыс істей алады. Осылайша, бір мектепке 10-12 психолог штат бойынша жұмыс істейді», деген спикер «Рухы мықты және дені сау ұрпақ тәрбиелеу – қоғам мен мемлекеттің басты жетістігі» екенін атап өтті. «Ал бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақпен жұмыс істейтін әрбір адам барынша өз үлесін қосып, бұл жұмысты ең биік міндет деп қабылдаған жағдайда ғана нәтиже болады. Мектепке баланы қабылдаған сәттен бастап оның психологиялық бейнесін ата-ана, психолог және мектептің қатысуымен қалыптастыру керек. Оқушы өскен сайын оның «психологиялық картасы» толық­тырылып отыруға тиіс. Жұмысты осылай ұйымдастыра отырып, девианттық мінез-құлыққа, қиялға бейім, эгоист, тәкаппар, жасырын агрессияға жақын балаларды анықтап, уақтылы психологиялық диагнос­тика және профилактикалық жұмыстар жүргізуге болады. Яғни тәрбиелеу жоспар бойынша әр балаға жеке жүргізілуі керек. Сонда ғана баланың мінез-құлықтарындағы теріс көріністердің алдын алуға болады», дейді Дариға Оспанова.
Сонымен қатар сот төрағасы сынып сағаттары сабақтарының санын арттыру қажет деп санайды. «Сабаққа қатысқан ата-ана баласының сыныптағы мінез-құлқын бақылап, оның қоғамда өз орнын табуына түрткі бола алады, баланың тәртібін түзеп, мінезін дұрыстауға іштен араласады. Осылайша, әрбір ата-ана баласының мінез-құлқындағы, мүмкін отбасындағы ағат қылықтары туралы ақпаратқа көзін жеткізіп, психокоррекцияға атсалысады. Негізі біздің алдымызда тұрған мәселе – бала тәрбиесі ғана емес, ең маңыздысы – баланы тәрбиелеуге өзіміз дайынбыз ба, жоқ па деген сұрақ», деді спикер.
Сот төрағасы Мемлекет басшысының сот жүйесіне қатысты белгілеген реформаларға сай ювеналды соттарда, оның ішінде осы мәселені реттейтін заңнамаға бірқатар толықтыру енгізу қажет деп санайды. Оның ең алғашқысы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелет жасына толмаған балаларға тәлімгер тағайындау мәселесі. «Бұл мәселе қоғам үшін өте маңызды. Тәлімгерлік институты ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға индивидуалды қолдау көрсету арқылы олардың өз бетінше өмір сүруіне икемдеп, үлкен өмір жолына дайындауды мақсат етеді. Сондай-ақ отбасының қоғам мен мемлекет алдындағы дәрежесін арттыру мақсатында отбасылық зорлық-зомбылыққа төзімсіздікті қабылдап, отбасылық қарым-қатынастарды реттеуді заңда негізгі қағида етіп қалыптастыру қажет», деді ол.
«Ювеналды сотта кәмелет жасына тол­мағандарға қатысты ғана емес, отбасы­на қатысты даулар қаралғаны жөн. Ал маман­дандырылған соттың құзырына тиісті дау­лармен қатар, кәмелет жасына толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың арасындағы некені бұзу; кәмелет жасына толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың арасында ортақ мүлікті бөлу; кәмелет жасына толмаған баламен тұрмайтын ата-анасы мен оның жақын туыстарының кәмелет жасына толмаған баламен араласу тәртібін анықтау; заң негізінде емес, басқа адамдардан баланы алу; алимент мөлшерін өзгерту; алимент төлеуден босату; алимент бойынша берешекті төлеуден босату; кәмелет жасына толмаған баланың мұрагерлік құқықтарын қорғау бойынша даулар қаралуы қажет», деп санайды сот төрағасы. Себебі оның айтуынша, Отбасылық соттарды құрудағы басты мақсат – ана мен баланы қорғау тетіктерінің тиімділігін арттырып, отбасы институтын нығайту болып саналады.

Еркенұр Қонысбай

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика