Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазіргі уақытта өмірге келген біздің балаларымыздың кіндігін кім кеспей жүр, бұрын жерге ғана көмілетін сол кіндік қайда қалмай жатыр? Басқасын айтпағанда ұлдарымыздың сүндет тойын, мұсылмандыққа қадам басу сәтін қай жер болса, сол жерде, арақ-шарап араластырып, ысырапшылдықпен өткізуіміз қай атадан қалған дәстүрімізде бар еді? Өкініштісі, той өткізу бәсекеге айналып, құдалық даңғазалыққа ұласып бара жатыр. Сол қыруар шығынның үйленген жастардың бақытына емес, бақталастығына айналып, ақыры жақсылыққа апармай жатқандығын да көріп жүрміз. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті.
Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген.
Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бастаған сыңайлымыз. Батыстық оңашалаудың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындағы мәселеге мүлдем бейжаймыз. Әркімнің жеке басының шаруасы дейтінді шығардық. Әке мен шеше тым балажан болып алды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген сөз бүгінгі ата-ананың басты уәжіне айналған. Осы бір сұрқия сөздің қай дәуірден жеткенін кім білсін?… Астарынан жаугершілік заманның салқыны сезіледі. Ендеше бүгінгідей бейбіт заманда мұншалықты салмағы ауыр сөзге арқа сүйеуіміз бекершілік екенін білсек.
Жоғарыда атап өткеніміздей, отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы жалпы әлемдік тенденция. 2016 жылғы ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Бірақ бұл өркениетті елдердің өресін көрсетпейді.
R-ақпарат