Төл тарихымызға байыппен зер салып, бала бойынан батырлық рухты оятуға себепкер болған отбасы құндылығын зерделегенде, әке феномені жіті көзге түседі. Отбасындағы әкенің рөлі, ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің орны, ұлттың даму жолындағы әкенің қосқан үлесі тым ерекше. Сондықтан да, қазақ «Әке – асқар таудай» деген даналықты да қалдырған. Асқар тау қандай биік болса, әке де асқар таудай рухани биіктікте болған. Әке шаңырақтың иесі, әйелі мен бала-шағасының қорғаны болған бейне ретінде ұғынылған. Қазақта отбасы иесі, ер-азаматтан «бала-шағаң, мал-жан аман ба?» деп сұрайтын болған. «Әйел, бала» деген сөз тіркестері «бала-шаға» түсінігімен алмастырылып, ер азаматтың биіктігін көрсеткен.
«Әке феноменінің мәні неде?» деген сауал әркімнің көкейінде тұратындығы да анық. Әке феноменін құрайтын сипаттар бір сөзділік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, әділеттілік , адалдық және т.б. қасиеттермен шендесіп тұрады.
Әке бойындағы қасиетті арттыратын сапалар әкенің беделін қалыптастырып, отбасы құндылығын еселейді. Нәтижесінде, әкені айрықша құрметтеу сезімі бірте-бірте әдетке айналып, әкені ерекше құрметтейтін отбасылық дәстүрді өмірге әкеледі. Әкенің алдында қалай болса солай сөйлемеу, бейәдеп күле беру, әке айтқанын тыңдамау және осы тектес тұлғалануға жат қылықтар бас көтермейді. Қазақ даналығы: «әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» деп өсиет етеді. Жатқылықтар болмаған жерде отбасы мүшелері арасында жарастық тамырын жайып, әке феномені өмірге келеді. Әке тұлғасын қалыптастыру мәселесі, ең алдымен, ер азаматтың өзін қадірлетуге байланысты, содан кейін, әйелдің ер азаматты сыйлай білу тәрбиесіне, үшіншіден, ата-анасының перзенттерін қалай тәрбиелейтіндіктеріне қатысты айқындалады.
Ер азамат тектілігімен өзін қадірлете білген еді. Нәтижесінде, ер азаматтың тектілік деңгейі қалыптасып, халық та тектілене түсті. Отбасының қорғаны бола білген адам Отанға да қорған болатындығы ақиқат. Өйткені, қазақы сананың тұтастығы бұзылмаған заманда сөз құдіретімен ұрпақты тәрбиелеген уақытта ер бала мен қыз баланың атына затына сай болып өсуі заңдылық еді. Қазақы отбасында ер азамат мәртебесінің жоғары болғандығы өмір заңдылығынан туындады. Ер мен әйелдің табиғатына қарай олардың қоғамдағы әлеуметтік мәртебелері анықталды. Бұл тұста оқырман осы айтқанымыздың мәніне ақыл көзімен қарауы тиіс. Олайтын дейтініміз, көпшілік әйел мәртебесін ермен теңестіріп, жоқтан өзгеге дау шығарып жатады. Мәселе теңестіруде емес, басты проблема ер мен әйелдің жаратылысына орай анықталатын алуан түрлі қызметтерінде. Соны ақылмен ойланып, өмір тәртібі мен өткен тарихымызға жіті көзқараспен қарағанда ғана шынайы өмірге жарасқан шындық келбеті көрінеді. Ата-ана ер баласы мен қыз баласын ешқашан алаламайды. Алайда, олар ержетіп, отбасы құрған уақыттағы өмір талабы басқа. Қыз бала ана бейнесіне еніп қана қоймай, оны атқара алуы тиіс, ал ер бала әке рөлін асқар таудай биіктікпен орындай білуі тиіс. Сондай қызметтерді атқаруға дайын болмаған жағдайда үй-ішінің шырқын бұзатын жанжал туындайды.
R-ақпарат