Қазақ тарихына үңілгенде аталар мен әжелер институтының ұрпақ тәрбиесінде салмақты орынды иеленгендігін зерделейміз. Ата мен әже даналығы баланың өмірге бейімді болуға жетелейтін еді. Сонымен, адамның қоғамнан өзіне тиесілі орынды иелену ісі түзу тәрбие қуатына қатысты анықталмақ-шы. Қоғамға сіңісу дегеніміз өзгелерді өзіңдей құрметтей білу. Бұлай дейтін себебіміз, өмір мектебінен өту мәселесі адам бойында қалыптасатын адами сапаларға байлаулы. Баланы түзу тәрбиелеу тектілік қалпы екендігі ақиқат. Түзу тәрбие алған адам – иманды адам. Қазақтың дәстүрлі қоғамында балаға, ең алдымен, діни білім берілген еді. Алаш зиялыларының барлығы ишан, молдалардан білім алған жандар. Діни білім арқылы өмірдің мәні ұғындырылды, өмір ақиқаты түсіндірілді. Қазақтың мұсылманшылығы Арыстан бап, Иассауи даналардың жолымен сүрленген имандылыққа негізделген еді. Ұлттық дәстүр ислам қағидаларына қайшы келмегендіктен де, мұсылманшылық тұтқасымен қабысқан еді. Қазақ болмысының алғырлығы, өмір ақиқатын ұғынған білімі мен білігі ел сүйгіш тұлғаларды қалыптастыруға негіз болды.
Сонымен, түзу тәрбие адамды кемелдендіріп, даралық иесіне айналдырады. Түзу тәрбиелі адам тоғышарлықтан ада болып, жұртына адал қызмет етеді. Адалдық дегеніміз – адамның бүкіл ғұмырында бағыттаушы рөл атқаратын рухани құндылық. Адалдық ана сүтімен дариды. Адалдық категориясының теориялық және практикалық қырларын талдау өте маңызды әрі тым өзекті де. Олай дейтін себебіміз, адалдық болмаған жерде түзу отбасы, мемлекеттілік іргетасы берік қаланбайды. Сондықтан да, өрімтал жасты адалдық қалыппен тәрбиелеу мемлекеттілік, жұрт болып жұмыла атқаратын іс. Жұртына адалдық ең алдымен отбасына деген жанашырлықтан, тәрбиелі қалыптан өріс алатындығын да ескеруіміз шарт. «Жақыныңды жаттай сыйла» деген қазақ даналығы да бар.
Өмірді ұғындыратын кең түсініктер. Түсінігі кең адамның қоғамға игілігі де көп тиеді. Қазақ даласында әр түсінік өзінің мағынасымен қолданылған. Мәселен, ер азамат ұғымы отбасының қорғаны, елдің панасы болар тұлғаға арналып айтылған. Өкінішке орай, өткен ғасырларда қазақ ұлты мойнына артылған отаршылық қамытынан шыға алмай, күші жетпегендіктен күштінің әлімжеттігіне амалсыз көніп, көнбістің күнін кеше бастады. Буырқанып бұлқынған ұлттық сана ақырындап булыққан күйі дәрменсіздіктің күйін кешті. Тұрмыстың тепкісінде қалған ұлттық рух, күн көріс, бала-шаға қамын күйттеу ісінен аса алмады. Бір қарағанда, адалдықпен бала-шағаның қамын ойлаудың өзі ұлттық сананың айқын бір көрінісі, естілік келбеті. Есті адам ұрпағының қамын ойлап, елдік санаға қызмет етеді. Қазақ тарихындағы Батырлық рухтың үлгісі ата-баба-әке тәрбиесінен бастау алғандығы шындық. Ахмет Байтұрсынұлы «елде жоқ рух ақын сөзінде қайдан болсын» дегендей, елде рух болу үшін отбасы мүшелерінің бойында рух болу керек. Қазақ даналығы айтқандай, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің».
Сонымен, отбасы құндылығын сақтау әрі оны кейінгі ұрпаққа аманаттау қазақ өркениетінің темірқазығы болып табылады.
R-ақпарат