Отбасындағы жағымды қарым-қатынас балада жауапкершілік, ынтымақтастық, бірлік сияқты қасиеттерге негіз болса, керісінше жағдайдағы қарым-қатынас (ұрыс-керіс, қақтығысушылық) баланың көңіл-күйіне, еңбекке қабілеттілігіне үлкен зиян келтіреді. Осыған байланысты халқымызда «Тәрбие тал бесіктен» – деген нақыл сөз бар. Асыл сөздің мәні балаға дүниеге келгеннен бастап ата-ана татулығын, өзара сыйластығын көрсетіп тәрбиелесе, кішкене күнінен ата-анасының арасындағы сүйіспеншілікті сезініп өссе, ертең өзінің болашақ отбасына мына тамаша өнегені апаруға тырысады ғой. Бұдан әр отбасындағы ата-аналардың алдында тұрған басты міндет – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өнеге болатын тәжірибелерді көрсету. Осыдан болар ата-бабаларымыз «әкесіне қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер» – деген. Мәңгі жасағысы келетін халық атадан балаға қалатын қара шаңырақты қадірлеуді ата-ананың балаға беретін тәрбиесімен тығыз байланыста қарастырған. Өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қазақ халқы баса назар аударған. Орта ғасырда өмір сүрген шығыстың әйгілі ойшылы, ұлы ғалым әл Фараби өз еңбектерінде баланың ой-сезімін, мінез-құлқын тәрбиелеп, жетілдіру арқылы оны бақыт жолына салуды көздеген. Бала тәрбиесі ең алдымен отбасындағы ата-анасының ықпалымен жүзеге асатынын: «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» т.б. қанатты сөздерден көреміз.
Бала тәрбиесінде ананың «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем» – деген бесік жыры, әжесінің, атасының ертегісі ерекше орын алады. Бесік жырында жас нәрестені әлпештеген анасы оны әлемдегі ең асыл нәрсеге теңейді, оның кішкене жүрегін ана тіліндегі әсем әуенмен, жүрек жарды баласына деген сүйспеншілігін, қуанышын жұмсақ үн мен ойлы сөзбен бала санасына сіңіре берген. Сонымен, қатар ұрпағына артатын үмітін, сенімін Өз халқына, отанының адал азаматы болатынын жырлаған. Осыдан болар халқымызда «бесік жырын естімеген баладан қандай имандылық күтесің», «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Бесік көрмегеннен без» – дейтін сөздерде терең мағына жатыр. Сол сияқты «Атаның батасы, әженің әңгімесі, әкенің өнегесі, шешенің тәрбиесі» – деп бабам қазақ ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің қуатты құралы халық даналығы екенін жақсы білген.
R-ақпарат