Отандық психолог ғалым Қ.Жарықбаев өзінің «Ұлттық психологияны оқыту – ұлтшылдық емес» – атты мақаласында қазақ даласындағы отбасы мүшелерінің арасындағы сүйіспеншілік мәселелерін талдай келе, қазіргі кезде осы асыл сезімнің арзандап кеткенін айтады. Оның себебі жастар махаббат деп алданып қалуына байланысты Қазақстанда тастанды балалардың 90% қазақ балалары екенін айтады (2000). Қазіргі шаңырақ көтерген жастардың бала тәрбиесіне толық даяр еместігі немесе ата–ананың тәрбиедегі «қараңғылығы» салдарымен түсіндіруге болады. Өмірге келген нәрестеге ананың адал махаббаты мен кіршіксіз көңілі таза ауадай қажет. Себебі, сәби өмірге мүлде дәрменсіз күйде келеді. Нәрестенің өмірге келіп, кіндігінің кесіліп, жөргекке оралуынан бастап дені сау, ақылды да тәлімді бала етіп өсіру ата-ананың міндеті ғана емес, сонымен қатар олардың арасындағы махаббатқа да байланысты. Баланың бақытты болуы ең алдымен ата-ананың арасындағы махаббатқа, бір-бірінің жан дүниесiн танып, сырласып, сыйласып өмір сүруінде. Осы бағытта құнды зерттеудiң негiзiн салған ғалымдар М.И.Лисина, Қ.Т.Шерьязданова. Олар мектепке дейiнгi балалардың ересектермен қарым-қатынасын зерттеуде – отбасында тәрбиеленушi және түрлi типтегi балалар мекемелерiндегi отбасынан тыс тәрбиеленiп жатқан балаларды салыстыра отырып зерттеді. Балалар үйiнде тәрбиеленушiлер өмiр сүруге қажеттi барлық қажеттiлiктермен (қалыпты тамақтану, киiм, ойыншық, дәрiгерлiк бақылау, бiлiм т.б.) қамтамасыз етiлгенiмен, дара бағыттағы үлкендердiң эмоционалды-жағымды қарым-қатынасының тапшылығы олардың жан-жақты психикалық дамуын баяулатады.
М.И.Лисина, Қ.Т.Шерьязданова еңбектерi көрсеткендей, ата-аналық сезімнің «қосылуы» бала дамуының түрлi аспектiлерiне: олардың танымдық белсендiлiктерiне, тiлiнің дамуына, заттық әрекеттерді игеруiне игi әсерiн тигiзедi. Баланың махаббатқа қажеттілігі оның тұлғалық қасиеттерінің дамуымен тығыз байланысты. Көптеген ғалымдардың пікірінше (А.В.Запорожец, А.А.Леонтьев, М.И.Лисина, Қ.Т.Шерьязданова), ата-ананың махаббатына деген қажеттілік адамның басқа ниеттерімен қауышпайтын, ерекше өзіндік қатынас болып табылады. Зерттеушілердің бақылауларынан, махаббатқа қажеттілік баланың өмір сүру барысында, нақты қарым-қатынас құру формасына ықпал етеді. Жоғарыдағы ғалымдардың зерттеу нәтижелері балалар үйінде тәрбиеленуші балалардың қарым-қатынасы сенімсіздік, агрессивтілік, тәуелділік сияқты жағымсыз эмоцияда болған.
R-ақпарат