Аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне ерікті түрде қан тапсырып, донор атану жылдағы дәстүрге айналған. Бүгін «Донор күні» акциясы аясында аудандық полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлері аудандық орталық ауруханасына барып, ерікті түрде қан тапсырды, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қатерлі дертпен күресіп жатқандарға үміт сыйлау, оларды қолдау мақсатында өткізілген акцияға полиция бөлімінің 26 қызметкері ерікті түрде қатысып, 12 литрге жуық қан тапсырған. Жиналған қан арнайы орталыққа жолданып, қан тапсырғандарға шәй мен тәттілер үлестірілді. Сонымен қатар қан базасын құру қажеттілігімен қатар барлық адамдарды ерікті түрде донор болуға шақыруды көздейтін игі шараны тәртіп сақшылары жылына екі рет өткізуді жоспарлап отыр.
Өз кезегінде медицина қызметкерлері де көрсеткен көмектері үшін полицейлерге алғыс білдіріп, осындай іс-шаралар қан құюға аса мұқтаж болып отырған пациенттердің өмірін сақтап қалуға көмектесетінін айтты.