• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Ордабасыда мейірбикелер күні атап өтті

Автор:admin

Ноя 4, 2023
Spread the love
Медбикелер – бұл денсаулық сақтау қызметкерлерінің ең көп санаты. Өйткені медициналық тәжірибеде медициналық қызметтердің көп бөлігін тек медбикелер көрсетеді.
Мейірбике ісі – ең жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін маман иесі.
Олар сырқатына ем, дертіне дауа іздеген талайжандардың көңіліне демеу бола білген, күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген ізгілікті маман иелері.
Мейірбикелердің науқастарды емдеуде, оларды ауруынан айықтыру жолындағы еңбектері айтарлықтай зор. Ал осындай мәртебелі мамандық иелеріне Мереке күніне орай құрмет көрсету мақсатында Ордабасы аудандық орталық ауруханасының басшысы Болатхан Салыбекұлының басшылығымен керемет іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мейірбикелердің емдеуден бөлек, басқа да өнерлерімен танылып, түрлі сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, жыл сайын мамырдың 12-сінде Халықаралық медбикелер күні (International Nurses Day) атап өтіледі.
Бұл күні Англияда Флоренс Найтингейл (Florence Nightingale) дүниеге келген. Ол Қырым соғысында (1853-1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүниежүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашты. Қайырымдылық қызмет аясында олар соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ем-дом шараларын өткізген.
Халықаралық медбикелер күніне 150 жылдан астам уақыт толса да, оны атап өту шарасы алғаш рет 1953 жылы басталған-ды. Бірақ, 1965 жылдың қаңтар айында ғана бұл күн ресми түрде тіркеліп, дүниежүзілік мәртебеге ие болды. Бұл күні әлемнің 141 мемлекетінің медбикелері бас қосып, Халықаралық медбикелер кеңесінің (International Council of  Nurses) негізін қалаған болатын. Медбикелер кеңесі 1974 жылы Халықаралық медбикелер күнін мамырдың 12-сінде, яғни қайырымдылық қызметтің қазығын қаққан Флоренс Найтингейл туған күніатап өту керек деген шешімге келді. Мәне, содан бері бұл күні дүниежүзі бойынша Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жаралы жауынгерлерге шұғыл медициналық көмек көрсетіп, оқ пен оттың ортасында жүріп қызметтік міндетін адал атқарып, Жеңіс күнінің жақындай түсуіне зор үлес қосқан медбикелер қатары аз болған жоқ. Майдан даласында көптеген мейірбике қазақ қыздары да болды. Солардың бірі және бірегейі фельдшер Рәзия Ысқақова болатын. Небәрі 19 жасында от кешіп, майдан даласына өзі сұранып, сұрапыл соғыста жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен Рәзия Ысқақова ерлікке тең істерімен, өжеттілігімен көзге түсіп, Халықаралық Қызыл Крест комитетiнің ең жоғарғы наградасы «Флоренс Найтингейл» медалiмен марапатталды. Кеңестер Одағы бойынша мұндай мәртебеге небәрi 38 медбике ие болған. Қазақ қызы туралы Кеңес Одағының Батыры генерал-полковник Д. Драгунский кезiнде былай деп жазыпты: “Сұмдық көрiнiстiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, Қызыл Крест белгiсi бар өрiмдей қыз жалын құшқан машинаның қақпағын ашып қойып кеттi. Осылайша ажал апанына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құтқарды”. Міне, антына адал, сертіне берік «Флоренс Найтингейл» медалінің иегері Рәзия Ысқақова апамыздың майдан даласындағы ерлік жолы ешқашан ұмытылмайды және кейінгі ұрпақққа үлгі-өнеге болып қала бермек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 2020 жылды Мейірбикелік және акушерлік қызмет саласындағы қызметкерлердің халықаралық жылы деп жариялады.
Ұйымның ресми сайтындағы хабарламада: «Медбикелер мен акушерлер денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Олар өз өмірін аналар мен балалардың қамқорлығына арнайды, өмірлік маңызды екпелер салып, медициналық ұсыныс-кеңестерін береді, қарт адамдарға күтім жасайды. Жалпы алғанда халықтың денсаулық сақтау саласындағы негізгі күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандырады. Олар көбіне жергілікті тұрғындар үшін медициналық көмек көрсететін алғашқы және жалғыз адам болып отыр», — делінген.

Өмірге сән беріп, тіршіліккке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Өйткені, тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда медбике жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан мейірбике ісі денсаулық сақтау жүйесінің бөлінбес бөлшегі.
Әсіресе бүгінгі күні әлемде орын алған пандемия кезінде медбике мен мейіргерлердің еңбегін атап өтпеске болмас!
Денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, науқастың дертіне дауа сыйлаушы баршаңызды Халықаралық мейірбикелер күні мерекесімен құттықтаймыз.
Ерең еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай етіп етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика