• Ср. Июн 18th, 2025
Популярные метки

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫ ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Автор:admin

Июн 14, 2025
Spread the love

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жетісай ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау шарасы сәтті өтті. Бұл қоғамдық қабылдау Жетісай қаласындағы «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған жергілікті халық үлкен ықыласпен қатысты. Қатысушылардың көптігі – тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерге бей-жай қарамайтынын, мұндай қабылдаулардың маңыздылығын айқын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге тың серпін беріп, тұрғындар мен билік арасындағы диалогты нығайтады.
Аталмыш қоғамдық қабылдау «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткізілді. Бұл жоба халыққа құқықтық көмек көрсетуді, мемлекеттік және қоғамдық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуді, сонымен қатар азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды көздейді. Көшпелі қабылдауда облыстық филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев өз басшылығымен келіп, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Ербол Ералиев пен Талғат Қаржауов және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар, облыстық және аудандық деңгейдегі прокуратура, экология, ауыл шаруашылығы, ветеринария, табиғатты қорғау, полиция, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби заңгерлер, адвокаттар мен нотариустар, банк өкілдері, салық саласының мамандары және жеке сот орындаушылары секілді көптеген сала мамандары келді.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерінің күнделікті өміріндегі маңызды мәселелерін, шағымдарын, өтініштерін ашық түрде ортаға салды. Олардың арасында инфрақұрылымды жақсарту, жолдарды жөндеу, жер телімдерін рәсімдеу, салықтық төлемдер мен банк есепшоттарына қойылған шектеулерді жою, жеке сот орындаушыларының қызмет ақысының әділ болуын қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер болды. Сонымен қатар, балалардың атынан жүріп жатқан атқару істері бойынша заңгерлік кеңес сұрап, құқықтық мәселелер бойынша нақты кеңестер алды. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытындағы маңызды қадам.
Облыстық филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бұл шараның тиімділігіне тоқтала келіп: «Бүгінде халықтың шағымын айту үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Қажетті сала мамандары осында келіп, тікелей қабылдау өткізіп жатыр. Бұл – партияның қолға алған тың әрі тиімді жобасы. Қабылдаулар барысында түскен өтініштер мен ұсыныстар жедел түрде тиісті органдарға жеткізіліп, олардың шешімдері нақты нәтижелерге алып келеді. Бұрындары жауапты мамандармен бетпе-бет кездесу қиын болса, қазір барлық басшылар халық алдында ашық және жауапты» деді.
Көшпелі қоғамдық қабылдау барысында әрбір тұрғын өз мәселесін ашық айтып, құқықтық көмек алып, заң аясында қолдау көрсетілді. Тұрғындардың сұрақтарына заңгерлер мен адвокаттар тарапынан жан-жақты жауап беріліп, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдары түсіндірілді. Қоғамдық қабылдаудың тағы бір ерекшелігі – ол тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы сенімді арттырады, бірлескен шешім қабылдауды жеңілдетеді.
Жетісай қаласындағы қабылдаудан кейін партияның көшпелі қоғамдық қабылдауы Қарақай ауылдық округінде жалғасты. Бұл жерде де тұрғындардың мәселелері тыңдалып, сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Қарақайлықтар да өз өмірлерінде кездесетін қиындықтар мен сұрақтарды ашық түрде ортаға салды. Мұндай шаралардың маңыздылығы – жергілікті тұрғындардың проблемаларына дер кезінде назар аударып, оларды шешу бағытында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік беруінде.
Жалпы, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған осындай қоғамдық қабылдаулар қоғамдағы ашықтық пен әділдіктің артуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына елеулі ықпал етеді. Бұл – халық пен биліктің диалогы, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған тиімді құрал. Тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, заң шеңберінде шешім табуы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Осындай қоғамдық қабылдаулар арқылы «AMANAT» партиясы Түркістан облысында халықтың сеніміне ие болып, олардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде белсенділік танытып отыр. Бұл шаралар – тұрғындардың құқығы мен мүддесін қорғаудағы маңызды баспалдақ, әрі мемлекеттік саясаттың халықпен етене байланыста жүргізіліп жатқанын айқын дәлелдейді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика