Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды нашақорлықтан сақтандыру және салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа баулуға бағытталған.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Карбеков Бауыржан және Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Маханова Балжан қатысты.
Кездесу барысында спикерлер нашақорлықтың адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зияны, сондай-ақ есірткіге тәуелділікті тудыратын факторлар туралы маңызды ақпараттар берді. Олар жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы істермен өткізуге шақырды.
Сондай-ақ, студенттер өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасып, тақырыпқа қатысты өз ойларын білдірді.