«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында кезекті қоғамдық қабылдауын қалалық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Балабиев өткізді.
Жеке қабылдауға келген азаматтың бірі қала тұрғыны, алты баланың анасы — Батырбекова Бақыткүл. Қарызға белшеден батып, ішерге ас таппай шырылдаған ана халық қалаулысынан әлеуметтік көмек сұрай келген.
Ал бірінші топ мүгедегі, Қазыбек ата үй жағдайының нашарлығына байланысты көмек сұрады. Ескі үйді жөндеуге қаражат тапшылығы қол байлау болғанын айтып, өтініш жасады. Депутатқа жағдайын шешіп берер деген үмітпен келген.
Қоғамдық қабылдаулар күрмеулі мәселелерді шешуге едеуір ықпал етуде. Ал, Ел аманатын арқалаған «Аманат» партиясы есігін емін-еркін ашатын мекемелердің біріне айналды. Өмір болған соң әркімнің басынан әрқилы жағдай өтеді. Халық қалаулысының қоғамдық қабылдауына келгендердің дені – әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Фракция мүшесі тұрғындардың арыз-шағымдарын жіті тыңдап, көтерілген мәселелерге заң аясында жауап берді. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар көкейде жүрген сан түрлі сауалдарға тұшымды жауап алды. Халық қалаулылары, түрлі сала басқарма басшылары аманатын арқалап келген халыққа қол ұшын беріп, көмек қолын созып жүр.
Қабылдау жұмыстары халықпен кері байланыс құралдарының тиімділігін арттыруға, көкейде жүрген өзекті мәселелер оңтайлы шешім табуға, сонымен қатар партияның жұмысын жаңғырту мақсатында жүзеге асырылуда.
Қоғамдық қабылдауда қалалықтар тарапынан көпбалалы аналарға ұйымдастырылатын әлеуметтік көмек, үй кезегі, жер дауы секілді мәселелер кеңінен қозғалды. Шешімін тапқандары алғысын айтуда. Көтерілген мәселелер партиялық бақылауында болады. Әрбір тұрғынның проблемасы шешімін табу үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі дейді аманаттықтар.
Халық қалаулысы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, мәселелерін бақылауға алды.