Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін азайтып, көрсетілетін қызметтерді барынша жақсартуды жүктеген болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, еліміздің 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшудің бірқатар артықшылықтары бар.
Біріншіден, бұл әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды.
Екіншіден, МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда төмендегідей диагноздары анықталған науқастарға сырттай куәландыру арқылы мүгедектік белгіленеді. Атап айтқанда, қатерлі ісіктер, ересектердегі қан айналымы жүйесінің аурулары, цереброваскулярлы аурулардың салдары, ауыр гемипарез немесе гемиплегия, трипарез немесе триплегия, тетрапарез немесе тетраплегия, қантамырлық деменциямен асқынған ми қан айналымының жедел бұзылыстары, созылмалы бүйрек жеткіліксізділігінің соңғы сатысындағы ересектердегі зәр шығару жүйесінің аурулары, психикалық ауру, оның ішінде ақыл-ойдың кемістігі, балалық аутизм, балалардағы 1 типті қант диабеті, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар (аяқтың болмауы немесе ампутациясы, рентгендік растау болған кезде, хирургиялық ампутация кезінде стационарлық науқастың тарихынан алынған үзінділер), Даун синдромы, трансплантациядан кейінгі жағдай – МӘС-ке алғаш рет жолдаған кезде, Анофтальм, Лепра нозологиялары бойынша науқастар пилоттық режимде сырттай куәландырудан өтеді.
Ал, мұнан өзге жағдайларда мүгедектікті белгілеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекiтілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары» бойынша жүргізіледі. Ол үшін жергілікті емханадағы дәрігер ағза функцияларының едәуір немесе өте айқын білінетін бұзылушылықтары бар адамдарды тиісті диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан соң емхананың дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасы толтырылып, медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуі тиіс.
Ж.НҰРЖАУОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Түркістан облысы бойынша департаменті №9 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы.