Бүгін «AMANAT» партиясының мобильді тобы Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Бозарық елдімекенінде болып, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерін тыңдады.
Қабылдау топ құрамында «АМАNАТ» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауының консультанты Ардан АРАЛБАЙ, қалалық филиал төрағасы Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, партиялық бақылау комиссия төрағасы Ғани ТАШКАРАЕВ, «АМАNАТ» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан АЙТБАЕВ, Қаратау ауданының әкімі Рахымберді МҮЛКЕМАНОВ, Қаратау аудандық филиал, фракция төрағасы Қайрат ИМАШЕВ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір ҚАЛЫБАЕВ қатысты.
Мақсат – шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу, бағыт-бағдар мен кеңес беру. Бозарықтағы Егемен Қазақстан көшесінің бір топ тұрғындары көктем, күз мезгілінде жауын-шашын салдарынан жол жүру қиындықтарын жеткізді. Жомартбек Найзатаевтың айтуынша, бұл көшеге 15 жылдан бері асфальт төселмеген.
— Жаңбыр жауған күні балалар мектепке, бақшаға баруы қиындайды. Тұрғындар өзіміз тас төсеп те амалдадық. Алайда асфальт төселмеген соң жаяу жүргіншілер былай тұрсын көлікпен жүрудің өзі мұң, — дейді ол.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің консультанты Ардан Сұлтанұлы көшпелі мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті.
Көшбасшы партияның төрағасы, Шымкент қалалық мәслихат депутаты Бахадыр Мәдәліұлы Егемен Қазақстан көшесінің атауының өзі ерекше екенін тілге тиек етті.
— Жергілікті халықтың өтінішін тыңдап, аталмыш көшеге асфальт төсеу жұмысын бес күнде бастауды тапсырдық. Басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, мердігер компания анықталған.Енді аз уақыт ішінде Егемен Қазақстанның тұрғындары үшін көптен күткен жол мәселесі оң шешімін таппақ, — деді өз сөзінде халық қалаулысы Бахадыр Нарымбетов.
Айта кетейік, өткен жылы партия филиалының қоғамдық қабылдауына 9280 өтініш түсіп, оның 66 % оң шешімін тапқан болатын. Аптасына бір рет «Құқықтық көмек» жобасы аясында халыққа заңгеркіл кеңестер берілсе, ай сайын қабылдау бөлімдері шалғай елдімекендерге өздері барады.