Қаладағы “Достық” үйінде өңірдегі мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сәйкес қолданылуы мен орналасуы және оларлың насихатталуы бойынша республикалық инспекциялық топтың семинар-кеңесі өтті. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Республикалық инспекция топ құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Сауда және интеграция министрліктерінің жауапты мамандары бар. Бүгінде республикалық инспекциялық топ өңірлерге шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі семинар-кеңесте Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сәйкес қолдану тәртібін жан-жақты түсіндіріп берді. Геральдика ғылымының тарихы мен ерекшелігі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, нормативтік құқықтық актілердің тізбесі бойынша толығырақ мағлұмат берді.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, білім, мәдениет және спорт саласының мамандары қатысты. Жиынға қатысушылар өздерінің көкейдегі толғандырған сауалдарын қойып, жауаптарын алды.
Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерді қолданудың қағидалары қысқаша тізбегі:
— Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсіп тұруға тиіс;
— лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы Мемлекеттік Ту 1х2 метр көлемінде Елтаңбаның сол жағында (тігіледі) орналастырылады;
— Мемлекеттік Туды шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) көлемі басқа тулардан кіші болмауға және төмен орналастырылмауға тиіс;
— Қаулыдағы 13-тармақтың екінші тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде) орналастырылатын Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс;
— Заңды тұлғалар мемлекеттік туды қағидаларға сәйкес бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктерін ескереді және мынадай параметрлерді пайдаланады:
1) 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
2) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2×4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1×2 метр өлшеммен) орналастырылады;
3) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2×4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады.
— Ал Мемлекеттік Елтаңбаға келсек, оның да өзіндік қолданылу ерекшеліктері бар. Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
— Кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылатын Елтаңбаның диаметрі 500 миллиметр болу керек.