• Сб. Июн 7th, 2025
Популярные метки

Мемлекеттік бағдарламалар – жастар болашағына жол!

Автор:admin

Май 31, 2025
Spread the love

Қазіргі таңда Қазақстанда жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысуына барынша қолдау көрсетуде. Осы бағыттағы қолжетімді мүмкіндіктерді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Түркістан қаласында Жастар ресурстық орталығының мамандары бірқатар ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, қаланың халық көп жиналатын орындарында – сауда орталықтарында, қоғамдық көліктер аялдамаларында, жаяу жүргіншілер аллеяларында «Мемлекеттік бағдарламалар» тақырыбында арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Бұл акцияның басты мақсаты – жастар мен қала тұрғындарын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпараттандыру.
Жадынамаларда жастарға арналған басты бағыттар қамтылды. Атап айтқанда:
Жұмыспен қамту саласында – «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Қоғамдық жұмыс», «Дипломмен – ауылға!» сынды бағдарламалар туралы толық мәлімет ұсынылды. Бұл бағдарламалар арқылы жастар өз мамандығы бойынша тәжірибе жинап, тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік алады.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша – «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «7-20-25», «Отбасы банкі» арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер мен жалдамалы пәтер алу мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат берілді.
Білім саласында – мемлекет есебінен берілетін гранттар, техникалық және кәсіптік білім алуға арналған «Free колледж» жобасы, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және шетелде оқу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында – жастарға арналған жеңілдетілген микрокредиттер, «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» жобалары, сондай-ақ бизнес жоспар құру мен кәсіп ашуға байланысты тегін курстар жөнінде кеңестер берілді.
Жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуынша, мұндай ақпараттық шаралар жастар арасында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді. Өз мүмкіндіктерін нақты түсінген жас буын ел дамуына үлес қосуға, өмірлік маңызды шешімдерді батыл қабылдауға қабілетті болады.
Сонымен қатар, орталық мамандары ақпараттық жадынамалармен қатар, тұрғындармен ашық диалог форматында сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп отырды. Бұл – халықтың нақты қажеттілігіне негізделген жұмыс түрі.
Жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар – бұл жай ғана қолдау емес, болашаққа салынған сенімді инвестиция. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс күшейген сайын, жастардың белсенділігі артып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі еселене түсетіні сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика