102 жедел арнасына хабарласқан әйел 11 жасар қызының із-түссіз жоғалып кеткенін жеткізген. Оның айтуынша, кешкі уақытта мектептен шыққан қызы сол күйі үйге келмеген.
Хабар түсісімен Түркістан облысының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, қызбаланың жүруі мүмкін жерлердің барлығын түгел шолып шықты. Тоқтаусыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде, жасөспірім қыз жарты сағат ішінде көшелердің бірінде адасып жүрген жерінен табылды.
Белгілі болғандай, мектеп оқушысы жақында ғана отбасымен Шымкент қаласынан Арыс ауданына қоныс аударған. Содан күнделікті барып жүрген мектеп пен үй арасындағы жолдан адасып, басқа көшемен жүріп кеткен.
Қазіргі таңда жоғалып кеткен жасөспірім қыз үйіне қайтарылды. Қызымен аман-есен қауышқан анасы баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен Арыс ауданының полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.