Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел.
Жалпы, біздің елімізде ең алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылдың 15 ақпанындағы «Қазақстан Респубуликасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қолданылған. Дегенмен, аталған халықаралық конференция барысында Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев атап көрсеткендей, Қазақстанда алғаш рет 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Пробация туралы» Заңның қабылдануына орай пробацияның қолданылу аясы анағұрлым кеңейе түскен. Оның одан әрі қарайғы дамуы Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамының аясында жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы желтоқсанда «Пробация туралы» заң қабылданып, пробацияның әлеуеті мен өзектілігі артты.
Елімізде түрмеден шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Осы орайда айта кетейік, әлеуметтік-құқықтық көмек, ол – пробацияның есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған жеке бағдарламалар негізінде іске асырылатын шаралар кешені. Осы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған елу мыңнан аса сотталған адам әлеуеметтік-құқықтық көмектер алған көрінеді.
Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудегі негізгі бағыттарға пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады…