«1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесі аясында Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен “Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі” іс-шарасы өткізілуде. Яғни мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлтты полиция қызметкерлері өздері жайлы бейнежазбалар әзірлеуде.
Ал төмендегі бейнежазбадағы қызметкер облыс орталығына келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, абыройлы қызмет атқарып жүрген жас маман.
Нақтырақ айтсақ, полиция аға лейтенанты Шералы Бахадырұлы Абдурасулов Түркістан қаласының тумасы. 2017 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Ішкі істер органдарына 2019 жылы кіріп, ең алғашқы қызмет жолын Түркістан қалалық полиция басқармасындағы белгілі бір тұрақты тұратын жері және құжаттары жоқ адамдарға арналған қабылдау-тарату орнының кезекші полицейі лауазымынан бастаған.
2022 жылы қыркүйек айынан бастап Түркістан қаласындағы Туристерге қызмет көрсету взводының қызмет инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
Ұлты өзбек болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын Шералы, халқымыз үшін қашанда қарқынды қызмет етуге әзір екенін жеткізеді!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі