Бүгін Шымкентте «Ұлы Жеңістің» 78 жылдығына арналған салтанатты іс шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің ұрпақтары қатысып, Даңқ мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада әскери үрмелі аспаптар оркестрі тақырыптық марштар орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қонақтар «Майдан даласы» алаңына бет алып, ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністерді тамашалады. Қанды соғыс жылдарын бейнелеген қойылымдар көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Қонақтарға майдандағыдай «дала ботқасы» ұсынылды. Өнерпаздар зұлмат кезеңді тақырыпқа арқау еткен “Катюша”, “Ана туралы баллада”, “Жеңіс күні”, “Кестелі орамал” әндерін әуелете шырқады.
Бұл күн — қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиған боздақтарды еске алу күні… Үйіне, отбасына, ата-анасына оралмаған аталарымыз бен ағаларымызды, әпкелерімізді сарыла күткен сағыныш күні…
Айта кетейік, соғысқа Шымкенттен 23 мыңнан астам азамат аттанды. Елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 222 ардагері бар.
Соғысқа шақыртылғандар – 1,2 млн.
Қаза тапқандар – 600 мың.
Орден, медаль алғандар – 100 мың.
Кеңес одағының батыры атанғандар – 500.
Екі мәрте кеңес одағының батыры атанғандар – 4.
ІІІ дәрежелі даңқ орденімен марапатталғандар — 110.
Отан үшін отқа түсіп, аман қайтқан майдагерлеріміздің алдында бас иеміз!
Дегенмен, уақыт өз дегеніне жетеді. Жыл өткен сайын Жеңісті жақындатқан ардагерлеріміз бен тылда тер төккен еңбеккерлеріміздің қатары сиреп барады.
Қаламызда бүгінде небәрі 3 соғыс ардагері және 2183 тыл ардагері тұрады.