Бүгін қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы А.Басаров, қалалық мәслихат төрағасы Қабылан Елеусізов және мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айтулы шара Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқаумен басталды. ҚР Конституция күні биыл 29-шы рет аталып өтуде.
Айта кететін, Елімізде Конституция екі рет қабылданды. Алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді. Алайда 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат қазірге дейін қолданылады. Ата заң 9 тарау, 98 баптан тұрады.
Салтанатты жиында Жандос Қалмырзаұлы жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – саяси тұрақтылық, бір шаңырақ астындағы бірлік. Сондықтан бүгінгі берекемізді бекем еткен осындай қастерлі де асыл құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа аманат ете білейік. Жылдан жылға Тәуелсіздігіміз, береке — бірлігіміз нығая берсін.», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шара аясында өз міндетін абыроймен атқарып жүрген бірқатар сала мамандары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңы қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Олар көрермен назарына рухты әндер шырқап, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.