• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

КЕНТАУДА КЕНЕСАРЫ ХАН ОҚЫҒАН МЕДРЕСЕ БАР

Автор:admin

Июн 11, 2024
Spread the love

Бүгінде Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Шаммат-Ишан» музейі бар. Ғимарат ең алғаш 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында мешіт-медресе ретінде бой көтерген. Ғалымдардың дерегі бойынша, діни сауат ашу орталығында Кенесары Қасымұлы 1830 жылдары білім алған. Тіпті, онда Абылай ханның бас кеңесшісі болған Бұқар Жырау дәріс бергендігі айтылады. Осы екі тарихи дерекке орай медресе маңында ескерткіш тақталар қойылған. Сондай-ақ, Қызылжар, Қарағанды, Атбасар қалаларынан 200-ге жуық қазақ балалары келіп білім алған. Олардың қатарында Мұса Байзақұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бар.
Медресенің құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. 1789 жылы — кіші ақсарай, 1876 жылы — үлкен ақсарай салынған. Кіші ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнінде сол ғибадатханада құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірген. 1896 жылы қосымша дәрісханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен аяқталған.
Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасқан. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Кеңес үкіметі кезінде ғимаратты түрлі мақсатта пайдаланып, 1980 жылға дейін ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, соғыс ардагері Бекташ Мирзаев ғимараттың басы-қасында болып «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесін сақтап қалады. Ауыл тұрғындарымен бірге асар ұйымдастырып, ғимаратты өз қалпына келтіріп жөндеу жұмыстарын жүргізген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң ғимарат «Мәдени мұра» бағдарламасы еніп, 2005 жылы музейге айналды. Ал 2008 жылы Кентау қалалық музейі МКҚК-ның филиалы болып құрылды. Қазіргі таңда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиал болып қайта тіркелді.
Айта кететін, Кенесары Қасымұлы (1837-1847) — көрнекті мемлекет қайраткері, жалпы қазақ ханы. Ақсүйек, Жошы ханның ұрпағы. Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күрестің жетекшілік етіп, Қоқан хандығына қарсы соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақ халқы мен ресейлік әскери тұлғалар арасында үлкен беделге ие болды.
Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы — Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика