Бүгін Келес ауданы бойынша жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілік барысын аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев аралап атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы көшелердегі санитарлық тазалықтың сақталуын, су жолдарының таза болуын, ағаштарға балақтау, әктеу жұмыстары жүргізілу керектігін атап көрсетті.
Өз сөзінде аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қоршаған ортаның, туған өлкеміздің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың, әр тұрғынның міндеті екендігін атап өтті. Аудан көлемінде жүргізілген тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сенбілікке аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен еріктілер өз үлестерін қосты.
Іс-шараға 12 техника тартылып, мемлекеттік қызметкерлерді қосқанда 700-ге жуық адам қатысты. Тазалық шарасы барысында 50 тоннаға жуық қоқыс жиналып, полигондарға тасталды.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі