«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-ң қызметкерлеріне семинар тренинг өткізді.
«Оңтүстік Құрылыс Сервис» серіктестігі 2001 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқан Шымкент қаласындағы ірі құрылыс компаниялардың бірі болып табылады. Бүгінде мекемеде 240 адам жұмыс жасайды.
Семинар барысында қатысушыларға еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек адамына құқықтық көмек көрсету жөнінде ақпарат берілді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек жиында өңірлік Кәсіподақтар орталығы еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісіп, биыл Кәсіподақтар Федерациясының «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі басты назарда ұстайтынын алға тартты.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын «Кәсіподақтар – әділеттілік үшін!» сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Одан өзге, Қазақстан Республикасы Заңнамалығына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені айтылды.
Сонымен қатар, кездесуде қызметкерлердің ұсыныстары тыңдалып, қойылған сұрақтарына тиісті жауаптар берілді.