«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде «Зергерлік – мол мұра» қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Көрмеде ұмыт болған салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, ата-бабаларымыздан қалған мұра дәріптелді.
Іс-шарада алдымен он саусағынан өнері тамған жергілікті қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде күмістен жасалған әшекейлерден бөлек, ұлттық бұйымдарды кездестіруге болады. Көрмеде шеберлер қала жастарына шеберлік сабағын өткізді. Айталық, зергерлер әшекей заттар мен киіз, ши тоқудың техникасымен бөлісті. Көрмеге елімізге танымал қолөнершілер Бейісбековтер отбасы қатысты. Әулеттің үлкені Болатбек ағаштан ою ойса, ұлы Берік – былғары шебері. Жары Күләш Өсерқызының қолынан шыққан жүннен жасалынған бұйымдар шетелдіктердің сұранысына ие. Жалпы бұл отбасы – қазақ өнерінің жанашырлары.
Іс-шара аясында «Шым қала» тарихи-мәдени кешені директорының міндетін атқарушы Мадина Кенжеқұлова өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеп, үйретуден жалықпай жүрген қолөнершілерді алғыс хатпен марапаттады.
Жәрмеңке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кететін, Қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен еді.
– Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік.-деген қала әкімі.
Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды.Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.
Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде жұмыспен қамтылған жастардың қатарында 991-і жастар практикасымен, ал 160-ы алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ал, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.