Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) сәйкес, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, – ескерту жасауға не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ балалары бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi.
Егер аталған құқық бұзушылық әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса – он тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Онда әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкерщілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген.
Осы ретте Президент тәуекел тобындағы тұлғалардың басым бөлігі уәкілетті органдардың назарынан тыс қалып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық профилактика жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігі туындайды.
Қазақстанда 10 жылдан астам қоғамда ұсақ бұзақылық, алкоголь ішу, қоғамдық орында тиісу, қоқыс тастау жәнебасқа жиі жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру саясаты белсенді түрде жүзеге асып келеді.
Бұл шаралар елдегі қоғамдық тәртіпті нығайтуға ғана емес, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 5 айында елімізде қоғамдық тәртіпке және адамгершілікке қол сұғатын 323 105 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылдың 5 айы – 273 360) 18,2%-ға жоғары.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жеке санат саналады, олар 3 есе өсті (16 172-ден 43 812-ге дейін).
Бұл ретте денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің саны 4 305 (2 709), ал ұрып-соғу – 7 413 (2 288) болды.
Мұндай құқық бұзушылықтардың күрт өсуіне Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске енгізілген өзгерістер ықпал етті, оған сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанының жазбаша арызы талап етілмейді.
Осы жылы заң шығарушы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілікті күшейтіп, 15 маусымнан бастап олар қылмыс санатына жатқызылды. Бұл – мемлекет тарапынан зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушіліктің бір көрсеткіші.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар, ғылыми қоғамдастық өкілдері, халықаралық ұйымдар, қоғамдық кеңес қатысуымен Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы жаңа бірыңғай тұжырымдамалық заңды әзірлеуге кірісті.
Бірыңғай құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңда профилактика туралы нормаларды қамтитын бес біртекті заңды біріктіру жоспарланып отыр.
Оның аясында құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындалады, профилактика субъектілерінің тізбесі және олардың құзыреті кеңейтіліп, жауапкершіліктің аражігі ажыратылады.
Профилактикалық ықпал етуге жататын тұлғалардың тізбесін, үйлестіру тетіктерін және жеке профилактика құралдарын қайта қарау жоспарлануда.