Бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б.Жалмұрзаев, Еңбекші ауданы әкімдігінің бас инспекторы С.Ибишев «Жұлдыз» тұрғын алабының ауыл билерімен кездесті.
Кездесуге ауыл ақсақалдары, көше билері, белсенді азаматтар қатысып, қоғамдағы жалпыұлттық бірлікті ілгерілету, азаматтық келісімді нығайту жөніндегі келелі ойларын ортаға салды.
Жалпыұлттық бірлік дегеніміз – бір мемлекетте өмір сүрген адамдардың тағдыр-талайы, арман-мақсаты да бір дегенді білдіреді. Тағдыр мен мақсаты бір адамдардың Отаны мен Елі бір болуы керек! Олар не ойласа да, бір Елдің, бір Мемлекеттің ғана мүддесін ойлауы тиіс. Сонда ғана Жалпыұлттық бірлік сөзінің мәні өздігінен айқындалады. Жалпыұлттық бірлікті сақтау үшін басқа этнос өкілдері қазақ халқының айналасына топтасуы керек. Қазақ басқа ұлт өкілдерін қалай құрметтеп, төріне шығарса, басқа халықтар да қазаққа сондай құрмет көрсетіп, оның тілін, дәстүрін, салтын, мәдениетін, жерін, мемлекетін, заңын сыйлауы қажет! Қазақ халқының айналасына топтасу деген – осы. Қазақ халқын құрметтеймін, тілін білемін, дәстүріне құрметпен қараймын дейтіндер көп шығар. Бірақ бұл аздық етеді. Бір-екі адамның құрметі жалпыұлттық бірліктің көрсеткіші бола алмайды. Бүкіл қоғам бір ниетке шоғырлануы керек. Жалпыұлттық бірлік деген сөз жалғыз қазақтың бірлігі емес. Бұл Қазақстанды мекендеген барша этнос өкілдерінің бірлігі. Мысалы, Қазақстанның мүддесі немесе қазақ ұлтының мүддесі деген сөзді естісек, жалғыз қазақ халқының мақсат-мүддесі деп түсінбеуіміз керек. Ол – бүкіл Қазақстан деген алып мемлекеттің мүддесі.
Жиын барысында еліміздің қолданыстағы заңдылықтарын сақтау, ішкі біртұтастық пен бірлікті бекемдеу, жастар өкілдеріне оң тәрбие беру жөнінде пікір алмасулар болды.