Сауран ауданы, А.Үсенов елді мекеніне кіреберіс автожолдың 0-4 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс барысын арнайы барып көріп, жұмыс сапасымен танысты. Сонымен қатар, мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Сауран аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, жөндеу жұмыстарын жүзеге асырып жатқан мердігер – «Жайлау-Агро» ЖШС, ал техникалық қадағалаушы – «Сами» ЖШС.
Жөнделіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы – 4 шақырым, ені – 6 метр. Қалыңдығы 5 см болатын асфальт төселуде. Сонымен бірге, жол жиегі екі жағынан 1,5 метрден тегістеліп, жол белгілері мен сызықтары толық орнатылады. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігі мен жүргіншілерге ыңғайлылықты қамтамасыз етеді.
Аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты міндет екенін атап өтіп, жауапты мамандарға нақты бақылау жүргізуді тапсырды.
Бұл жоба – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, ауылдық инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта Сауран өңіріндегі өзге де елді мекендерде жолдарды жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады, деп хабарлайды Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
