Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері Ұлы отан соғысының ардагеріне теңестірілген 93 жастағы отставкадағы милиция майоры Кашлакова Нина Витальевнаның үйіне барды.
Тәртіп сақшылары ардагердің еңбектерін елеп, мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Нина Кашлаковаға алғыс хат пен арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Оған қоса, офицерлер оның ауласын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, үй шаруасына көмектесті.
Өз кезегінде, қонақтардың көрсеткен құрметіне риза болған ардагер шын жүректен алғысын білдірді.
-Мен зейнетке шыққаныма 30 жылдан асты. Сол аралықта бірде-бір мерекеде полицейлер мені назарсыз қалдырмады, әрдайым құттықтап, гүл шоқтарымен келеді. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін. Қиын қызметтеріңізде өздеріңізге қамқор болғайсыздар, — деді Нина Витальевна.
Айта кететін, Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалды. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы 187 млн теңге бөлінді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді, дейді Үкімет.
Қариялар – қазынамыз, даналықтың қайнар көзі. Ардақты қарттар – ақылшымыз, жанымызға медеу болатын қамқоршымыз. Данагөйлер елдің тілеуін тілеп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосады.
Біз де ата-әжелеріміздің «Отаныңа адал бол» деген өсиетін орындап, еселі еңбек етіп келеміз. Олардың жүздерінен күрсініс емес, күлкі көру біз үшін бір бақыт. Атқарған қызметтеріне, ерен еңбектеріне бас иеміз. Олардың батасын алу – мен үшін мәртебе. Оларды құрметке бөлеу, қамқорлық жасау – біздің борышымыз.