Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбековтың қатысуымен Ш. Ділдәбеков ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары: аға упи полиция майоры Татаев Сәбит Әлімбекұлы, полиция капитаны Халыков Аскар Сайпназарович, полиция капитаны Каримов Бекжан Кенесович, полиция аға лейтенанты Халық Ерсайын Ерланұлы 2023 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары бойынша ауыл тұрғындарына есеп берді.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділбек Әбдірайымұлы кездесу барысында ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Жиын барысында, алғашқы кезекте, жиылған қауым полицияның учаскелік инспекторларының есепті хабарламаларына ықыласпен құлақ түрді. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан әлеуметтік маңызы бар, көкейкесті сипаттағы біршама өзекті мәселелер ортаға салынып, оларды оңтайлы шешудің тиімді жолдары қарастырылды. Сауалдар тізбегінен қала жұртшылығын ересек адамдар үшін демалыс орталықтарының ұйымдастырылуы, көшеде қайыр сұрап жүретін тіленшілерге тосқауыл қойылуы, иесіз иттер мен мысықтар санының көбейіп кетуі, түн мерзімінде спиртті ішімдіктердің сатылуы, нашақорлардың парықсыз әрекеттері секілді жайттар алаңдататыны аңғарылды. Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға полиция бөлімінің басшылық құрамы мен тиісті құзырлы органдардың өкілдері жауап қайтарып, алдағы кезеңде қолға алынатын істер хақында мәлімдеме жасады.
Есеп беруді ауыл ақсақалдары қорытындылап, полицейлердің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағаларын берді.