Мемлекеттік басқару академиясы 2025 жылғы оқуға қабылдауды бастады. Құжаттар 25 маусымға дейін онлайн түрде қабылданады. Үміткерлер магистратура мен докторантураның 12 бағдарламасына қатыса алады. Олардың ішінде биыл іске қосылған – «Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламасы ерекше назар аудартады.
Оқу талаптары өзгерді: енді магистратураға кемінде 3 жыл, ал кейбір бағдарламаларға 4–5 жыл еңбек өтілі қажет. Ақылы бөлімге квазимемлекеттік сектор өкілдері де қабылданады. Әр бағдарламаға нақты бейіндік талаптар белгіленіп, сапалы іріктеу көзделген.
Қажетті құжаттар қатарында – жеке куәлік, диплом, мемлекеттік және ағылшын тілдерінен сертификаттар, қызметтік тізім немесе еңбек өтілін растайтын құжат бар. Докторантураға өтініш берушілер ғылыми-зерттеу жоспарын ұсынуы тиіс.
Іріктеу екі кезеңде өтеді: эссе және сұхбат. Қорытынды 25 шілдеде жарияланады, оқу 1 қыркүйекте басталады. Академия студенттері стипендиямен қамтамасыз етіледі, халықаралық тағылымдамалар мен ғылыми жобаларға қатыса алады. Оқу процесі – практикалық, заманауи және кәсіби бағытта жүргізіледі.
Толық ақпаратты apa.kz сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардан алуға болады.
ЖАҢА ТАЛАПТАР, ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: АКАДЕМИЯ КӘСІБИ КАДРЛАРДЫ ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ
