• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, ЖАС ҚАЗАҚ?

Автор:admin

Июл 14, 2022
Spread the love

Жастар қай заманда, қай ғасырда болса да, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп өлең жазғанда жастарға үлкен жауапкершілік пен сенім арту арқылы, сонымен қатар өздерінің тар заман қыспағында орындай алмай, қол жеткізе алмай бара жатқан істерін де аманат еткендей ұлт жастарына үлкен үмітпен қарағанын аңғарамыз. Осы ретте Мағжан сенген жастар қандай болу керек деген ой да бір сәт мазаламай қоймайды. Әрине, олар өз ұлтын сүйетін, ұлтының барлық жақсы құндылықтарын бойларына сіңірген, ақылды, парасатты, заманының озық білімдерін игерген, ұлттық және әлемдік дәрежеде ой өрбіте алатын ­саналы да сапалы толқын деп білеміз. Мағжан ақынның бұл философиялық сөзі олардың да өз заманының талап-тілегіне толыққанды жауап берген саналы да, алғыр жастардың қатарында болғанын көрсетеді. Қалай болғанда да, Алаш қайраткерлерінің барлығы да жас кездерінен-ақ елі мен жерінің тағдырына араласып, ұлтының келешегіне бейжай қарай алмаған тұлғалар болып қалыптасқандығын байқаймыз. Яғни заманның алға тосқан міндеттеріне білек сыбана кірісіп, жан-жақтан төнген сын-қатерлерді де жетік сезініп, соңдарынан ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өнегелі еңбектер, шоқтығы биік туындылар жазып қалдырды. Олардың дүниеге әкелген әрбір туындыларының, ғылыми еңбектерінің баспа бетінде жарық көру мерзіміне зер салар болсақ, көпшілігі жиырма мен отыздың айналасындағы жастардың болғанын байқаймыз. Бұл дегеніміз, қазақ ғылымында өз алдына жеке зерттелетін ғажап рухани құбылыстың бірі. Шын мәнінде, әрбір адамның есеюі – биологиялық жасымен емес, сана мен рух деңгейінде көрініс табады. Аз уақыттың ішінде көп іс тындыру да сол кездегі жастардың белгілі бір арман-мақсаты болғаны сөзсіз. Сонымен қатар Абай секілді данышпанның айналасына топтасып, темірқазығын адаспай тапқандары да олардың бойындағы мүдде бірлігінің айнымастығын білдіреді. Ал бүгінгі қазақ жастары кешегі Алаш жастарына ұқсай ма? Әлде, басқа ма? Жалпы бүгінгі қазақ жастарына қарап, ұлт мұратын айқындауға бола ма? Мәселе осы тұстарда өзектене түседі. Білім тұрғысынан алғанда, бүгінгі қазақ жастарының бойынан сол замандағыдай оқу-білімге құштарлықты байқауға болады. Көпшілігі сапалы білім алғанды дұрыс көреді. Бүгінгі қазақ ­жастары ақылдан, пайым-парасаттан кенде емес. Әлемнің озық университеттерінде білім алып, бірнеше тілді еркін меңгеріп, дүниежүзінің атақты ірі компанияларында еңбек етіп жүргендері де бар. Мұның бәрі мақтан етерлік жетістіктер. Демек, қазіргі жастардың бойында да зиялылыққа ұмтылу, заманының көзі ашық, көкірегі ояу ­азаматы болуға деген талпыныс жойылған жоқ. Әлбетте, бұл айтылғандардың барлығы бүгінгі қазақ жастарына тән мәселелердің жоқтығын білдірмейді. Соларды белгілі бір дәрежеде талқыға салып көрсек деген ниетпен осы тақырыпты мақаламызға арқау етіп отырған жайымыз бар. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, әр заманның, әр уақыт пен мезгіл-кезеңнің жастары болады. Сонымен қатар кез келген ұлт жастарының өмір сүру қалыбы, мінезі, психологиясы ұқсас болып келеді. Өйткені әр адамның жастық кезіне албырттық, жігерлілік, қайсарлық, намысшылдық, тәуекелшілдік тән. Жастардың табиғаты, жара­тылысы ескілікке қарсы, жаңаны көксегіш. Өзгерісті қалайды. Қатып-семіп қалған қағидаларға сын көзімен қарайды. Олар заманның талап-тілегін, сұра­нысын, жүрек соғысы мен тамыр бүл­кілін аға ­буыннан айқынырақ, анығырақ сезінеді. Аға буын мен жастардың кейбір мәсе­лелерде бірін-бірі түсіне алмауы, таңырқай қараулары осындайдан келіп туындайды. Адам баласы, асылында, өзі өмір сүрген мезгіл-кезеңнің рухани-мәдени болмысын бойына көбірек сіңіріп, соның шеңберінде өмір сүреді. Демек, аға буын өзінен кейінгі жастардың рухани-мәдени болмысындағы өзгерістерді толық түсініп, сезіне алмауы заңдылық. Өйткені жастар өз уақытының кезеңінде, өз заманының орбитасында ғұмыр кешіп жатыр. Ол кеңістікке кіріп, қыр-сырын ұғыну үшін, парықтау үшін кем дегенде солардың замандасы, қатарласы, тең құрбысы болуыңыз керек. Осылайша, әр ұрпақ өз өмірін, мына жарық дүниені өздігінше танып, өздерінің ақиқаты мен шындығының арасында, дұрыс деп қабылдаған құндылықтарының ортасында тіршілік кешеді. Сонымен, бүгінгі қазақ жастарына қандай мәселелер тән? Енді соған келейік. Әрине, бүгінгі қазақ жастары біркелкі, бір бағыттағы жастар емес. Олар – әртүрлі. Ұлт мұраты мен аманатын барынша сезінетін, сол жолда келе жатқан жастар бар да, ­сонымен бірге санасы космополиттенген, ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білмейтін жастар да бар. Алғашқы топ, сөзсіз, ұлтымыздың кеңістігін, болмысын, дүниетанымын, рухани-мәдени мұраларын келешекке апарады. Апарып қана қоймайды, соған өздерінің таңдаған салалары арқылы үлес қосып, шама-шарықтары келгенше байытып, түрлендіріп, ғылыми жаңалықтар ашып, ұлтын да, өздерін де сапалы деңгейге көтереді. Ұлтының бақытты болуын терең ойлайтын саналы жастар да осы топтан шығады. Негізінен алғанда, бүгінгі қазақ жастары, олардың рухани-мәдени болмысы, арман-мақсаттары – әлеуметтік, ғылыми тұрғыдан толық зерттеуді қажет етеді. Өйткен себебі қазақ жастарының арасында да түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың жетегінде жүргендер бар. Бірі – батысшыл, бірі – дәстүршіл, бірі – жаңашыл, бірі – діншіл, енді бірі – прогрессивті дегендей жіктеліп кете береді. Тиісінше, бірінің ұстанған құндылығын екіншісі жоққа шығаратын жастар да жоқ емес. Асылында, бұл мәселе жастар арасындағы «ұлт бірлігі» деген мәселеде қарама-қайшылықты көзқарасқа әкелуі де мүмкін. Сондықтан «Бүгінгі қазақ ­жастары ұлт мұраты жолында бірлік таныта ала ма?» деген мәселенің туындап отырғанын жоққа шығару қиын. Көзқарастар мен түсініктер әртүрлі бола беруі мүмкін, бірақ қазақ жастарының ұстанатын айнымас темірқазығы бір болуы керек. Ол – мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау, қорғау, еліміздің дамуына қызмет ету. Бүгінде қазақ жастарының арасында әлеуметтік тепе-теңдіктің бұзылғанын да айтуымыз керек. Өйткені базарда арба сүйреп күн көрумен жүрген жас пен қымбат көлік тізгіндеп, сайран салып желіккен жастың бұл өмір туралы, керек десеңіз, мемлекет, ұлт туралы ұғым-түсінігі екі басқа. Осы ретте өзім куә болған мына бір жайтты тілге тиек етейін. Бірде таксиде келе жатырмын. Көлік тізгінінде жиырманың ар жақ-бер жағындағы жас жігіт. Бағдаршамға келіп тоқтадық. Қасымызға қымбат ­маркалы көлік қатарласа келіп тоқтады. Жазда жүруге лайықталған, үсті ашық машина екен. Рөлінде жас азамат. Мен келе жатқан таксидің жүргізушісі терезесінен әлгі жігітке орыс тілінде үн қатып: «Достым, айтып жіберші, сен бұл көлігіңді қалай сатып алдың?» деп төтесінен сұрақ қойды. Анау мойын бұрып қарамастан, бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтіп, үндеместен кете барды. Яғни осы көрініс арқылы қазақ жастарының арасында тұрмыстық өмірлерінің әлеуметтік алшақтығына қарап баға беру көзқарасы да қалыптасып келе жатқанын байқауға болады. Елімізде «жастар саясаты» деген сөз жиі айтылады. Жастарды қолдау керек, жастарға жол ашу керек, жақсы мүмкіндіктер туғызу керек деген сыңайдағы ой-пікірлер кішігірім басқосулардан бастап үлкен мінберлерден де естіліп жатады. Былай қарағанда ­«жастар саясаты» деген әдемі ұғым, құлаққа да жағымды. Бірақ бұл ұғымның заттылығынан гөрі шарттылығы басым тұрғандай әсер қалдырады. Неліктен екенін кім білсін, әйтеуір, жақсы бастамалар көтерілгенімен, олардың іске асуы тежеле береді. Содан келіп жастар берілген уәдеге сенбейді. Өйткені үміттері ақталмайды. Осылайша, бүгінгі қазақ жастары өз мәселелерімен бетпе-бет қалуға мәжбүр. Оқуды бітіріп, жұмыс іздейді. Ол жұмыс бірден табыла қоймайды. Баспана мәселесін де шешу керек. Алдынан шыққан сансыз әлеуметтік қиындықтар мен кедергілер жастардың өмірге деген құлшынысын төмендетіп жібереді. Қарап тұрсаңыз, өмірде жолы болмай, салы суға кетіп жүрген қаншама жастар бар. Олардан елге, жерге деген патриоттық көзқарасты күтудің өзі әбестік. Жасыратыны жоқ, тәуелсіз мемлекетіміздің кешегі қалыптасу кезеңдерінде жастарға дұрыс көңіл бөлінбеді. Нәтижесінде түрлі мақсаттағы топтар жұмыссыз жүрген ­жастарды өз қатарларына қосып алды. Оның арты неге апарып соқтырғаны белгілі. Мұндай кезде сананың арбалуы да оңай ғой. Әйтпесе, төрт құбыласы тең, тұрақты жұмысы, баспанасы бар, ертеңгі күніне сеніммен қарайтын жастар теріс жолдарға түспесі анық. Бір-екі жас азаматтың министр ­немесе әкім болғанына қарап жастар саясаты елімізде сәтті жүзеге асып жатыр деуге келмейді. Әлбетте, жастарға сенім артылып, жауапты қызметтерге тартылғаны жақсы. Бірақ көпшілік жастардың мәселелерін кім ойлап, кім шешеді? Өкінішке қарай, елдегі жемқорлықтың белең алуы, тамыр-таныстықпен қызметке тұру, мансапқа қол жеткізу, сол себепті таланттардың тасада қалып, талантсыздардың бағын қолдан жандыру тәрізді тәсілдер мен айла-шарғылар жастар саясатында да көрініс ­тауып отыр. Яғни жастар да белгілі дәрежеде қоғамда болып жатқан түрлі әділетсіздіктер мен келеңсіздіктердің құрбанына айналуда. Бұдан құтылудың жолы қандай десек, ең алдымен, жастарға деген адал көзқарас керек. Неге десеңіз, жастардың табиғаты адалдықты, әділдікті іздейді, әділеттілікті жақтайды. Тағы бір атап өтер мәселе – қазақ жастарының кітап оқудан алыстап бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Қолына смартфон емес, кітапты жиі ұстайтын ­жастарымыз көбеймесе, қоғамдағы жастардың рухани-моральдық деңгейі де жыл сайын төмендей береді. Қазақ жастары, шын мәнінде, озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуды көздесе, кітап оқудан қол үзбеулері керек. Бүгінгі қазақ жастарының арасында танылмаған таланттар, ашылмаған аралдар өте көп. Тек соларды анықтап, дұрыс арнаға бағыттай білу керек. Мәселен, Ресейдің Сочи қаласында талантты оқушылар мен жастарды қолдауға арналған «Сириус» білім беру орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. «Сириусқа» жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен білім мен ғылымды, мәдениет пен спорт, өнер мен техниканы серік еткен талантты жастар қатысады, білікті тәлімгерлерден дәріс алады. «Сириус» орталығының мақсаты – дарынды балаларды ерте жастан анықтауға, олардың дамуын кәсіби тұрғыдан қолдауға бағытталған. Біздің елде осы тақылеттес жобаларды неге қолға алмасқа? Шынтуайтына келгенде, өз елімізде қандай таланттардың бар екенінен де хабарсызбыз. Шалғайда жатқан елді мекендерде біртуар дарындардың, «самородоктардың» өмірі көзден таса, елеусіз өтіп жатқан жоқ па деген ой келеді. Бәлкім, осындай немқұрайлықтың салдарынан қаншама Шоқандар мен Қаныштардың ізбасарларын жоғалтып жатқан болуымыз әбден мүмкін. Ал сондай балаларды дер кезінде анықтап, орталыққа жеткізетін, әрі қарай ерекше қамқорлыққа алатын жүйе неге жоқ? Жалпы еліміздегі білім беру жүйесінің жұмыс нәтижесі, сапалық көрсеткіші – қаншама талантты оқушының жолын аштың, қаншама ­дарынды жасты қатарға қостың, сонымен өлшеніп, бағалануы тиіс. Өйткені бұлар – ұлтымыздың интеллектуалдық байлығы. Ал онсыз мемлекетіміз өркендемейді. Қай кезде біз ақыл-ойды, интеллектуалдық байлықты бірінші орынға қоямыз, сол кезде ғана екпіндеп алға шығамыз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, одан басқа жол жоқ. Бүгінгі ғылымымыздан бастап өндіріске дейінгі барлық салалар өнертапқыштарға, таланттарға зәру. Тек қана дайын өнімдерді, сырттан тасымалданатын техникаларды, киім-кешектерді, тұтыну тауарларын ­сатып ала берумен ешуақытта мықты ел бола ­алмаймыз. «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деп ­Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мемлекет жастарға тиісті дәрежеде көңіл бөлмесе, олардың немен айналысып, қалайша күн көріп жүргеніне назар салмаса, жастармен сұхбат құрмаса, толғандырған мәселелерін шешпесе, жастардың ойында: «Біз өзі мемлекетке керекпіз бе?» деген заңды сұрақтың туындайтыны анық. Осындай сұрақтың жетегімен шетел асып кеткен талантты ­жастарымыз қаншама. Мұндай болмас үшін билік жастардың әлеуеті, білімі, ой-зердесі мемлекетке қажет екенін сезіндіруі керек. Бүгін көңіл бөлінбесе, ертең кеш болады. Бір сөзбен айтқанда: «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген ата-бабаларымыздың қағидасы ұмыт қалмағаны жөн. Ең ­бастысы жастарға кедергі келтірмей, түрлі бюрократиялық тосқауылдар қоймай, емін-еркін еңбек етулеріне, өздерінің әлеуеттерін толыққанды жүзеге асыруына мүмкіндік жасап, көмектесу керек.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика