Қарамұрт елді мекеніндегі барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушыларымен «Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыс, олардың себеп салдарының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-насихат тобының құқықтық кеңес беру жиналысы өтті.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілген келелі кездесуге аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы М.Есалиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ.Мусаева, аудандық полиция басқармасының және медицина саласының қызметкерлері, ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері, аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Р.Абдужаппарова қатысты.
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда сөз алған М.Есалиев: «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында ой бөлісті. Қ.Мусаева өз сөзінде: Жасөспірімдер тәрбиесінде «қарашаңырақ», «жеті ата», «тектілік» ұғымдарының алатын маңызын айтты.
Жиынды қорытындылаған Б.Мамадиярұлы аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін жеткізді.
Кездесу барысында жастар өздерін қызықтыратын сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі