Жастар — елдің болашағы. Халқымыз жастар тәрбиесіне әрдайым көңіл бөліп отырған. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты аясында жастардың рухани, мәдени, білім алуы, кәсіби қалыптасуы мен дене тәрбиесін дамытуы үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасалады, барлық шаралар олардың шығармашылық әлуетін ашуға бағытталады. Оқу орнында Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер Департаменті осы оқу жылында өз жұмысын бастаған болатын. Жастар саясаты — департаменті білім алушылардың қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін ұйымдастыру, оларға азаматтық және ұлтаралық тәрбиені сіңіру, интеллектуалды тәрбие беру, адамгершілік және эстетикалық бағдар беру, жастар арасында жемқорлыққа қарсы бағытталған бағдарламалық шараларды өткізу, салауатты өмір салтын насихаттау, волонтерлік бағыт беру іс-шараларын атқаратын, студенттермен тығыз жұмыс жүргізетін құрылымдық бөлімше. Мұнда студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу белсенділігін арттыру, жастарды нақты ғылыми-зерттеу, сараптау, әлеуметтік және бизнес-жобаларға тарту да жүргізіледі. Жастардың гуманистік дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, ұлтжандылық сана-сезімін, құқықтық және саяси мәдениетін еркіндігі мен өзіндік ар-ұждандық сезімін, мемлекеттік рәміздерді, ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуді қалыптастыруға атсалысады. Еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының дамуы қандай? Жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру, рухани тұрғыда өсуіне бағытталған қандай жобалар бар? Қазақстанда қанша жастар ұйымдары бар және олармен байланыс қалай жолға қойылған? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Ораловпен әңгімелескен едік.
— Еліміздегі жастар саясатының дамуы кешенді мәселе. Жалпы, осы салада қандай жаңа жобалар қолға алынуда? Жастар саясатын жүзеге асыруда неге басымдық бердіңіздер?
— Бүгінгі күні жастармен жұмыстың 4 негізгі бағытына басымдық беруді алға қойдық:
Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру. Бұл бағытта 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі жаңа жоспары әзірленді. Онда өңірлердің берген ұсыныстары, министрліктің бірқатар бастамалары да енгізілген. Мәселен, жоғары сынып оқушыларының бойына жалпыелдік құндылықтарды барынша сіңіру мақсатында «Туған жерден – туған елге» туристік жобасын жүзеге асыру көзделуде. Жобаның ерекшелігі — ер жеткен балаларымызды республика көлемінде арнайы маршрут ұйымдастыру арқылы еліміздің киелі, қасиетті жерлерімен жақын таныстыру, осылайша олардың жүректеріне отансүйгіштік сезімдерді терең ұялату.
Сондай-ақ, биылғы жылы жастардың еліміздің өңірлеріне саяхаты арқылы Қазақстан тарихы мен мәдениеті, табиғатына қызығушылығын тудыру мақсатында Жастар ішкі туризмін дамыту жобасын іске асырамыз. Өз елін, жерін мадақтайтын түрлі саладағы жастар шығармашылығын жас, дарынды авторларды анықтау мақсатында «Туған жер» фестивалі өткізіледі.
Екіншіден, барлық оқу орындарында кешенді ерте ақпараттандыру жұмысын ұйымдастыру арқылы ерте кәсіптік жұмыс тетіктерін жетілдіру. Яғни, біз балаларымызды жастайынан болашақ кәсібін саналы таңдауға баулуымыз керек. Ол, өз кезегінде, жастарымыздың өз ісінде бәсекеге қабілеттілігін арттырады, өз ісін қызығушылықпен меңгеруіне және ынтамен айналысуына септігін тигізеді.
Осыған орай, министрліктің бастамасымен жастарды ерте кәсіптік бағдарлау мақсатында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында «Түлектер тақтасы» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру шеңберінде республика бойынша 2521 мектепте, 338 колледжде және 44 жоғары оқу орындарында ақпараттандыру стендтері орналастырылған.
Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту және жұмыссыздықпен күрес мақсатында елімізде «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резерві» жобаларын жүзеге асыру жалғастырылуда.
Үшіншіден, жастар кәсіпкерлігін дамыту, яғни, бұл — кәсіпкерлік жобалар, бизнес-инкубаторлар. Бұл бағытта да министрліктің жобалары бар. Солардың бірі — «Жастар-Отанға!» жастар фестивалі.
Төртіншіден, ынталандыру жүйесі арқылы жастардың әлеуметтенуінің жаңа элементтерін енгізу. Бұл мақсатта қала және ауыл жастарына арналған әлеуметтік лифтілер жасау мақсатында «Жас ұлан» ұйымымен бірлесіп, Жалпыұлттық тұжырымдама жобасы әзірленді.
Жоба жастарға қабілеттілігі бар салаларда өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Волонтерлік, шығармашылық және еңбек машықтары, кәсіпкерлік және басқа да өзін өзі танытудың формалары дамитын болады. Бұл мәселені шешуде жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 2017 жылы барлық өңірлерде мемлекеттік жеке серіктестік тетігі арқылы жастардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру мақсатында жоспарлар, кей өңірлерде жол карталары қабылданды. Осылайша, ауыл-қалаларда аула клубтары, спорттық алаңдар секілді ортаны көбейту көзделуде.
— Қазақстанда қанша жастар ұйымдары бар? Олармен байланыс қалай жолға қойылған?
— Бүгінгі таңда мемлекеттік жастар саясаты саласына белсенді түрде 500-ден астам әртүрлі жастар ұйымдары тартылған, оның ішінде 11-і республикалық мәртебеге ие. Олар «Жас Отан» ЖҚ, «Қазақстанның жастар Конгресі» ЗТБ, ««Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығы» ҚБ, «Жас ұлан» ББЖҰ, «Жасыл ел» ТШ МТО, Ұлттық еріктілер желісі, Қазақстан КВН Одағы, Қазақстан студенттер Альянсы, «Болашақ» БӨ», Ұлттық дельфий комитеті, Қазақстанның Скаут қозғалысы.
Азаматтық белсенділікті және патриоттық сезімді арттыру мақсатында министрлік, өңірлік Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалар, сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары жастар ұйымдары мен олардың көшбасшыларымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды.
Жастар ұйымдарының көшбасшылары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің, Министрлік жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің, әкімдіктер жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестердің және жастар саясаты саласындағы орталық және өңірлік деңгейдегі консультациялық-кеңесші органдардың мүшелері болып табылады.
Сондай-ақ, жастар ұйымдары министрлікпен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шығармашыл жастарды қолдауға, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік тілді дамыту, отбасы құндылықтарын, әскери-патриоттық тәрбиені насихаттау, жастардың бастамаларын қолдау, жұмыспен қамту мәселесі бойынша ықпалдар жасау мақсатында бірқатар кешенді іс-шараларды іске асыруда.
— Жастар саясаты саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі қандай? Қандай әлеуметтік жобаларға басымдық бересіздер?
— 2018 жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға Республикалық бюджеттен қарастырылған қаржының жалпы көлемі 387,3 млн теңгені құрады, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік жобаларды іске асыруға 67,5 млн.теңге қарастырылды (2017 жылы – 96,6 млн.теңге).
Жергілікті бюджеттен қарастырылған қаржыландыру көлемі 7 млрд 101 млн теңгені құрады ( 2017 жылы – 6 млрд 132 млн теңге), оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік жобаларды іске асыруға 2 млрд 215 млн теңге (2017 жылы – 1 млрд 796 млн теңге).
Жастар әлеуметтік жобалары аясында әр бағытта іс-шаралар өткізіледі. Негізгі басымдықтар жастарды әлеуметтендіру және дамытуға бағытталған жобаларға беріледі, оның ішінде әскери-патриоттық тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, шығармашыл жастарды қолдау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікті дамыту т.б. Атап айтатын болсақ, жыл сайын республикалық бюджеттен келесі әлеуметтік жобалар іске асырылады: «Жасыл ел» еңбек маусымының ашылу және жабылу рәсімін өткізу; «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шаралар өткізу»; «Жастар және инновация» инновациялық идеялар фестивалін өткізу»; «Жастардың ұйымдастырушылық дағдыларын, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру»; «Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шаралар өткізу».
— Елімізде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша бағалау енгізілетіні туралы ақпарат естіп едім. Осы жайында толығырақ айтып өтсеңіз.
— Жастар саясаты саласындағы индикаторлар жүйесін енгізу «Қазақстан — 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңі аясында жүзеге асырылуда. Индикаторлар тізбесі мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысының хаттамасымен бекітілді. Біздің ойымызша, бұл жастар саясаты саласындағы маңызды қадам. «Жастарға мейірімді мекен» индексі жастардың даму үдерісін және өңірлердегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуын бағалайтын индикаторлардың жиынтығы болып табылады. Индекстің басты мақсаты — жастар саясатының жүзеге асырылуын талдау және орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жастар мәселелері бойынша қабылдайтын шешімдерінің сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау болып табылады.
«Жастарға мейірімді мекен» индексі Біріккен Ұлттар ұйымы мен Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес есептелетін Әлемдік жастарды дамыту индексі (Youth Development Index) негізінде дайындалған. Әлемдік жастарды дамыту индексін Ұлттардың Британдық достастығы 183 мемлекет бойынша, 18 индикатордан тұратын келесі 5 бағытта есептейді:
1) білім;
2) денсаулық және әл-ауқат;
3) жұмыспен қамту және мүмкіндіктер;
4) жастардың саяси өмірге қатысуы;
5) жастардың азаматтық қатысуы.
Әлемдік жастарды дамыту индексінің 2016 жылғы есебінде Қазақстан 61 орынға ие болған. 2013 жылғы есеппен салыстырмалы түрде қарағанда азаматтық және саяси өмірге қатысу бағыттары бойынша алға жылжуды байқауға болады. Ал, білім, денсаулық және әл-ауқат бағыттары бойынша айтарлықтай өзгерістер жоқ. Сондай-ақ, халықаралық және шетелдік тәжірибеде осындай индекстерді есептеудің бірнеше үлгілері бар. Мысалы, Халықаралық жастар қоры (АҚШ) жалпы алғанда әлем жастарының 70 пайызынан тұратын 30 мемлекет бойынша Әлемдік жастар әл-ауқатының индексін есептейді. Жастардың дамуы мен әл-ауқатын бағалау жөніндегі индекстер Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығында, Австралияда, Қырғызстанда, Үндістанда және т.б. мемлекеттерде бар.
Біздің «Жастарға мейірімді мекен» жастарды дамыту индексі аясында 33 индикатордан тұратын келесі 7 сала бойынша бағалау жүргізіледі:
1) білім;
2) денсаулық және салауатты өмір салты;
3) жұмыспен қамту және әлеуметтік мүмкіндіктер;
4) саяси өмірге қатысу;
5) азаматтық қатысу;
6) бос уақыт;
7) қауіпсіздік.
Индикаторлардың 25-і объективті деректер, олар бойынша мәліметтерді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар береді. Ал, 8 индикатор субъективті. Яғни, олардың дерек көзі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өткізетін әлеуметтанушылық зерттеулер нәтижелері болып табылады.
Объективті және субъективті индикаторларды бір арнаға тоғыстыру бізге жастар дамуының кешенді көрінісін береді. Таңдап алынған 7 сала мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына да сәйкес келеді. Тағы бір маңыздылық, осы бағыттар жастардың дамуы мен әл-ауқатын бағалайтын халықаралық индекстердің бағыттарымен сәйкес, яғни, сол арқылы біз халықаралық индекстер нәтижелері мен өз көрсеткіштерімізді салыстыру мүмкіндігіне ие боламыз.
Жастарды дамыту индексі, бір жағынан, жастардың өміріне қатысты белгілі бір саланы бағалауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, әр сала бойынша өңірлердегі жастар жағдайын салыстыруға мүмкіндік жасайды. Осы арқылы біз кейбір мәселелерді айтарлықтай талқылауға, үздік өңірлердің тәжірибелерімен алмасуға, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызамыз.
Қазіргі уақытта Жастар саясаты департаменті мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2017 жылғы көрсеткіштер бойынша пилоттық есептеуді жүргізуде. Осы жұмыстың нәтижелері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің келесі отырысында ұсынылатын болады. Алдағы жылдары индексті жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың бірінші жартыжылдығында дайындау жоспарлануда.
— Әңгімеңізге рахмет!
R-ақпарат