Қазақстанның дамуы жастардың қолында екендігі баршамызға мәлім. Еліміздің ертеңі елім дейтін патриотизмі дамыған болашақты бірге құратын Қазақстандық белсенді жастар түрлі идеяларды ұйымдастырып, мемлекеттің саясатына оң ықпалын тигізу арқылы қарқынды дамуға атсаласып келеді. Әрине бұл өте қуантарлық жағдайлардың бірі әрі бірігейі. Олар мемлекеттің экономика, саясат, ғылым мен білім көкжиегіндегі орнын белгілейді. Сол үшін елімізде жастарды қолдауға арналған жоба көп. 2022 жылы да жастар саясатын қолдауға ден қойылып, бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылады. Иә, мұның бәрі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда қарастырылған. Мемлекет жастарды қолдаудың басым бағыттарын айқындап, тұжырымдама бекіткен еді. Құжат бойынша бірнеше жоба іске асты. Әр жыл сайын жоспарланған іс-шара саны артпаса, кеміген жоқ. 2020 жылғы жобалар да жастардың қарым-қабілетін шыңдап, өздерін жаңа қырдан байқауға, ізденуге шақырады. Ал қолданыстағы жобалар жастар тәжірибесіне, танымына әсерін тигізіп, қызмет баспалдағында өрлеуіне көмегі тиеді.
Келешегі кемел инвестиция
Жастарды қолдау – болашаққа салым салғанмен тең. Бұған елдегі бірталай жоба дәлел бола алады. «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Серпін» мен «Жастар кадрлық резерві» біршама жастың үлкен өмірге қанат қағуына көмектесті. Әсіресе, «Жастар кадрлық резерві» жастар үшін әлеуметтік лифтке айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажет атап өткен-ді. Резерв құрамына кіретін жастар іріктеу сынында, тәжірибеден өту барысында жігерленіп, саясат алаңын жақыннан тануға мүмкіндік алды. Өздерін бір сәт дипломаттың орнында елестетіп, келешекке жоспар құрды. Ал бағытын айқындап, потенциалына сенген жастар жаңа қызметке тағайындалып, резервке өтті.
Жоғарыдағы қай бағдарламаны алып қарамасақ та, жастар игілігіне жарап тұр. Жастар саясаты мәселесінде білім мен ғылымды дамытуға арналған іс-шараның орны бөлек. «Болашақ» бағдарламасы жаһан мәдениеті мен білімін танып, елге қызмет етуге үндері белгілі. Осы мақсатта ЖОО-лар шетелдік университеттермен келісімге келіп, тәжірибе алмасуға жағдай жасады. Еліміздегі бірқатар қалада коуоркинг орталықтары ашылып, жастардың еркін ойлауына мүмкіндік берді. Қазір елімізде түрлі тіл меңгеру, өзін-өзі дамыту орталықтары ашылып жатыр. Сондай-ақ жыл сайын студенттер «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ұсынған тағлымдамадан өту бағдарламасына қатыса алады. Мүмкіндікке қолы жеткен ізденуші «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», «Самұрық-Энерго» және тағы басқа компанияда тәжірибеден өтеді.
Жастардың әлеуметтік мәселесінің өзегі – баспана. Сондықтан баспана мәселесін шешу мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында кемінде 3 мың жалдамалы пәтер салу ісі жолға қойылды. 29 жасқа дейінгі азаматтар пәтерге айына 10-12 мың теңге төлеп, жалпы көлемі 40 шаршы метр баспананы 5 жылға жалға алады. Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы осы жылға дейін жалғасады. Мұндай жоба өзге өңірлерде 2022 жылдан бастап іске қосылады.
Ал оңтүстік астана жастарына арналған «Алматы жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бар. Бұл жоба «2022 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы» аясында іске асады. Биыл карантинге байланысты бағдарлама шеңберіндегі өтініш пен құжат қабылдау мерзімі ұзарды.
Ел арасында жылдам қолдау тапқан «Қол жетімді баспана — 2020» бағдарламасы 2020 жылға дейін 3 мың пәтер беруді жоспарлаған еді. Соның ішінде «жас отбасы» категориясы бойынша тұрғын үй алуға болады.
Биыл, Волонтер жылы қарсаңында 7 жалпыұлттық жоба іске асады. «Білім» жобасы бойынша ауыл мектебіндегі жоғары сынып оқушыларының ҰБТ-ға дайындалуына, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты меңгеруіне волонтерлер көмектеседі. «Сабақтастық» жобасы бойынша олар балалар үйіндегі жеткіншектерге қамқорлық көрсетеді. Сондай-ақ медициналық «Саулық», қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» жобасы жұмысын бастад. Материалды және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтауға шақыратын «Асыл мұра», қарттар үйлеріндегі жұмысқа бағытталған «Қамқор» және волонтерлерді хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге тартуға бағытталған «Үміт» жобасы ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Мұның бәрі «Біргеміз» тұжырымдамасының негізінде қоғамдық сипатқа ие болады.
Ұйым – жастар саясатының өзегі
Сонымен бірге экономиканың әртүрлі секторында жастар ұйымдары құрылып және жастар саясатының корпоративтік бағдарламалары қабылданып жатыр. Не үшін жастар ұйымдарына тоқталамыз? Өйткені ұйым бірігуге, бір мүддеге жұмыс істеуге үйретеді. Осы орайда еліміздегі жастар ұйымдары негізгі күшін жоғары оқу орындарыннан алады. Студент ұйымға мүше болған соң университет қабырғасында жауапкершілік жүгін арқалауға бейімделеді. Іс-шара ұйымдастырып, қарым-қабілетін шыңдайды. Ұйымдар өткізетін жобалар оны болашақта қанатын кең серпуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде де бар. Мәселен, АҚШ тәжірибесі жастардың шешім қабылдауға ықпал ету-деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында өзін өзі басқару ұйымдарын дамытуды көздейді. Қазақстанда да өзін-өзі басқару ұйымдарының ауқымын кеңейту жолға қойылған.
«Жас Отан» Жастар қанаты, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы, «Қазақстан студенттері альянсы» республикалық студенттер қозғалысы, жастар мәслихаты және тағы басқалары оларды барынша қолдауға тырысады. Жаңа бастаманы жүзеге асыруға, мүмкіндікті сынап көруге, басым бағытты анықтауға үйретеді. Жарқын болашаққа жол ашып, ел дамуына үлес қосуға үндейді. Сол үшін жастар саясатын дамыту шаралары тікелей жастар ұйымдары арқылы жүреді. Өйткені өзін-өзі басқару ұйымдары – жастар саясатының негізгі тетігі.
R-ақпарат