Алматы қаласында 17-22 маусым аралығында ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының ұйымдастыруымен балалар үйлері мен мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері арасында баскетболдан “Үміт кубогы” өткен болатын. Аламан жарыста Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №1 Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының жас спортшылары қатысып, ұлдар және қыздар арасында 1 орынды иеленді.
Дәстүрлі түрде 19 жыл бойы ұйымдастырылып жатқан турнирге еліміздің барлық аймақтарынан сайыпқырандар қатысты.
Еске саларлық, өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы Кубогының VII турнирінің жабылу салтанаты және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткен болатын. 13 ерлер мен 12 әйелдер құрама командалары арасында 4 күнге жоспарланған жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
10-15 маусым аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер және әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Кубогының VIІ турнирі өтті. Спортшылар төрт дисциплина бойынша сайысқа түсті.
Турнирдің қорытындысы бойынша ерлер арасында жалпыкомандалық есепте 1-ші орынды Астана қаласы, 2-ші орынды Қызылорда облысы, 3-ші орынды Ақтөбе облысының құрама командалары иеленді.
Ал әйелдер арасында 1-ші орынды Түркістан облысы, 2-ші орынды Астана қаласы, 3-ші орынды Алматы қаласының құрама командалары алды.
15 маусымда Жеңіл атлетика залында жабылуы салтанаты өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша жеке және командалық сынақтың жеңімпаздары медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз командалар кубоктармен марапатталды.
Сонымен қатар, қаладағы жеңілатлетикалық манежде қазақ күресінен «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирі өтті. Биылғы бәсекеде салмағы 90 келіден асатын, жалпы 25 балуан белдесті.
әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталды. «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирінде белгілі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетті. Халықаралық турнирлердің жүлдегері Нұрсұлтан Қожагелдіұлы екінші орынға ие болды. Ал жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков үшінші орынға иелік етті.
Е.Мұзаппаров пен Н.Қожагелдіұлы шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.
Айта кетсек, жеңімпазға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берілді. Спортшылардың бапкерлері де қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Тілге тиек етейік, Ерсұлтан Мұзаппаров 2023 жылы да «Шымкент барысы» титулын жеңіп алған болатын.Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері былтыр Мейіржан Әбдімәліковке бұйырған еді.